Бүгінгі таңда индрайвер такси қызметін пайдаланбайтын адам кемде-кем. Иә, көліктің бұл түрі асыққанда жақсы-ақ, бірақ өзіндік кемшіліктері жетіп-артылады. Солардың бірі – жүргізушінің жол бойы ауыз жаппай телефонмен сөйлесуі. Көптеген таксишілер сапар бойы жаңа клиент іздеп, дамыл таппайды. Жолаушының мазасын алуы былай тұрсын, өзгелердің өміріне қауіп төндіріп отырғанын ойламайды. Сайын далада түсіріп тұратын камера жоқ болғандықтан, олардың бұл олқылығы жазасыз қалып келеді. Әрине, көліктің деректерін нақтылап, жүргізушінің әрекетін видеоға түсіріп, тиісті органға шағымдансаңыз, басқаша болар еді. Бірақ шектен шыққан шопырды сабасына түсірейін деген жолаушы жоқтың қасы.
Негізі автокөліктің қозғалысы кезінде қолмен ұстамай сөйлесуге мүмкіндік беретін техникалық құрылғымен жабдықталмаған телефонды пайдалануға заңмен тыйым салынған. Бірақ жүргізушілер қауымы смартфонмен самбырлауды қояр емес.
Павлодар облыстық полиция департаменті ұсынған деректерге жүгінсек, жыл басынан бері облыс жолдарында көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланған екі мыңға жуық жүргізушіге шара қолданылыпты.
Мәселен, полицейлер таяуда рөлде телефонмен сөйлесіп келе жатқан жүргізушіні тоқтатқан. Ер адам өзінің тәртіп бұзғанын мойындап, маңызды қоңырауға жауап беруге мәжбүр болғанын айтқан. Десе де қауіпсіздіктің екінші орынға ысырылғаны заңға қайшы. Сондықтан сөзшең жүргізушіге айыппұл кесілді.
– Рөлде келе жатып телефонмен сөйлескені үшін 183 жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 591-бабы аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бапта («Көлік жүргізу кезінде жүргізушінің телефон немесе радиостанцияны пайдалануы») тәртіп бұзған азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер осы тәртіп бұзушылық бір жыл ішінде қайталанатын болса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл кесіледі. Фото және видеоайғақтармен дәлелденетін болса, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлескен жүргізушілерге міндетті түрде шара қолданылады. Қазіргі таңда тәртіп бұзғандар «Жедел басқару орталығы» арқылы да анықталып, жазалануда, – деп түсініктеме берді Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік полициясының рота командирі Арман Құрманғали.
Полиция тек жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді де қозғалыс кезінде смартфондарды пайдаланудан бас тартуға шақырады. Егер сізге қоңырау түсіп, шұғыл жауап беруіңіз керек болса, тоқтағаныңыз жөн немесе телефонмен сөйлесуге мүмкіндік беретін арнайы гарнитураны қолданған дұрыс. Өйткені телефондағы әңгіме зейініңізді басқа жаққа бұрып, өміріңізге төнген қауіпті аңғармай қалуыңыз ықтимал.
Ж.АЙТЫШ