Жылу беру маусымының сәтті өтуі тұрғынжай қорының жылу қабылдауға сақадай сай болуына байланысты. 7 тамыз күні өткен келесі кеңесте қала басшысы Аян Бейсекин осы мәселеге қатысты тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Байғожинаның есебін тыңдады.
Екібастұз қаласының тұрғынжай қорында көппәтерлі 705 үй бар. Соның ішінде 529 биік үйге түрлі формадағы басқару органдары қызмет көрсетеді екен. Бүгінгі күні 523 көпқабатты үйде алдын ала қабылдау-тапсыру іс-шаралары орындалып, 90 биік үй әзірлік актісін алып, 313 биік үй дайындық актісін алуға өтінім беріпті. 182 биік үйде жылу, су, кәріз жүйелеріне жөндеу жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары алдағы он шақты күн ішінде аяқталады.
Жалпы, басқару органдарының жаз бойы жүргізген әзірлік жұмыстары қанағаттандырарлық. Алайда әзірлік актісін алу көңілден шықпай отыр. Осы орайда, қала әкімі Аян Уахитұлы «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-нің жылу инспекциясы жұмысына сын айтты. Өйткені жылу инспекциясы түскен өтінімдерді қарау, сын-ескертпелер айтумен ғана шектеліп отыр. Мұның жөн еместігін ескерткен қала басшысы жылу инспекциясы өкіліне қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясымен, көпқабатты үйлерді басқару органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Негізі, әр басқару органындағы бірер үй болмаса, қалған биік үйлердің әзірлігі жақсы. Кеңесте ПИК басшылары күрделі жөндеу жасалып жатқан үйлердің де тамыздың ортасында әзір болатынына сендірді. Десек те сылбырлық танытып отырған «Домкомхоз» ЖШС-дегі жағдай мәз емес. Мұндағы көппәтерлі 75 үйдің бүгінгі күні 39-ы ғана әзірлік актісін алуға дайын. Қалған үйлердегі хал-ахуал қандай, қашан әзір болады – ол жағы анық емес. Қалыптасқан жағдайды таразылай келе, қала әкімі Аян Бейсекин орынбасары Қаныш Әділжановқа бірқатар тапсырма берді. Ол басқарушы орган басшысымен бірлесіп нақты мерзімі көрсетілген жұмыс кестесін жасауы тиіс. Егер жұмыс күші жетіспесе, қосымша жұмыскер тарту мәселесін шешуге міндетті.
Айтпақшы, қала басшысы алдағы аптада проблемалық биік үйлерді аралап шығып, мән-жайға қанығуды жоспарлап отыр.
Тағы бір кілтипан басқарушы органы жоқ үйлерге қатысты туындап тұр. Қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі мұндай үйлер үшін басқарушы компанияны айқындау мақсатында конкурс жариялапты. Конкурсқа «Story Lider Pro» сервистік компаниясы қатысып, қазір құжаттары қарастырылып жатыр екен. Қала басшысы конкурсты кеш жариялағаны үшін тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшылығын сөзбен түйреп өтіп, мердігер компанияның әлеуеті қандай екеніне назар аударды.
– Егер жағдай ушықса, қала құраушы кәсіпорындар көмегіне жүгінуге тура келеді. Тұрғын үй қорын әзір етуге міндеттіміз. Қала қыс ішінде қалыпты жылумен қамтамасыз етіледі. Ол үшін күшіміз де, қажырымыз да жеткілікті, – деп түйіндеді кеңес жұмысын қала әкімі Аян Бейсекин.
Ж.Сәдуақас