Әне-міне дегенше күз де келіп жететін сыңайлы. Сондықтан қысқы жылу беру маусымына әзірлікті күшейткен жөн. 7 тамыз күні қала әкімдігінде болған кеңесте осы мәселе қаралып, қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Абай Хакимов хабарлама жасады.
Екібастұз жылу-энергетика орталығында 6 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, №5 қазандықта күрделі жөндеу, ал №№8,13 қазандықтарда кеңейтілген ағымдағы жөндеу және №№7,9,11 қазандықтарда ағымдағы жөндеу аяқталуға жақын. Сонымен қатар, олардың қатарына №6 қазандық та қосылады. Осылайша, жылу беру маусымын 7 қазандықпен бастауға толық мүмкіндік бар. Тағы үш қазандықтағы ағымдағы жөндеу жұмыстары қыркүйек-қазан айларында аяқталуы тиіс.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, әзір тұрған жеті қазандықтың қуаты шаһарды жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Жылу желілерін жаңалау да қарқынды жүргізіліп, №2 және №7 жылу магистральдарында жалпы қашықтығы 5 километрден асатын жаңа жылу құбырлары төселді. Үкімет пен облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен бұл ауқымды жұмысты мердігерлер: «GrappaStroy» және «АльянсПромСтрой» компаниялары атқарды. Мәселен, №2 жылу магистралінде құрылыс-монтаждау жұмыстары толық тәмамдалып, гидравликалық сынақ сәтті жүргізілді. Енді жылу камераларын монтаждау мен аумақты абаттандыруды осы айдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. №7 жылу магистраліндегі жағдай да дәл осындай.
Жылу құбырларының жарамды-жарамсыздығы гидравликалық сынақтар кезінде тексерілетіні белгілі. Таяуда күзгі гидравликалық сынақтар өткізіліп, жылу магистральдарында 27 ақау, орамішілік жылу құбырларында 116 ақау анықталды. Қазіргі уақытта 10 бригада ақауларды жою жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Бұл жұмыстар 20 тамызда аяқталады.
Жалпы, жаз ішінде қашықтығы 12 километр орамішілік құбырлар жаңаланды. Сонымен бірге, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС өз күшімен 7 учаскеде қашықтығы 5,5 километр құбырды ауыстырып, бұл мақсатқа 500 миллион теңге қаржы жұмсады.
Қала тұрғындарының көкейінде ыстық су қашан беріледі деген сұрақ жүр емес пе. Осы орайда, бөлім басшысы Абай Хакимов ыстық су қала бойынша 12-15 тамызда жіберіледі деп сендірді.
Кеңесте ауылдық аймақтағы әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Биылғы қыста білім беру мекемелеріне 7690 тонна, мәдениет мекемелеріне – 780 тонна, денсаулық сақтау мекемелеріне 240 тонна қатты отын қажет екен. Алайда, кеңес барысында белгілі болғанындай, көмір тасымалдау тым баяу жүргізіліп жатыр екен. Әлеуметтік сала басшылары мердігер фирма – «Жоба құрылыс компаниясы» ЖШС-мен келісімшартты маусым айында жасағанымен, мердігер өз кезегінде «Богатырь Көмір» компаниясымен шартқа отыруды әбден созып жіберіпті. Істің осылайша насырға шабуы қала әкімі Аян Бейсекинді, жұқалап айтқанда, қанағаттандырған жоқ. Қала басшысы әлеуметтік салаға жауап беретін орынбасары Бибігүл Иманғалиева мен жылу беру маусымына әзірлікті үйлестіруші орынбасары Қаныш Әділжановқа көмірмен қамтамасыз етуді ширатуды қатаң тапсырды.
Ж.Жалелұлы