11 тамыз күні облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен келіп, әуелі Қоянды ауылында болды. Мұндағы №14 жергілікті мектеп «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізіліп, күрделі жөндеу жұмыстарына 114 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Мердігер компания – «Винтрейд» ЖШС бүгінгі күні өзіне жүктелген міндетті атқарып шығыпты.
Мектеп директоры Дархан Бәтеновтің сөзіне сүйенсек, білім ордасының сырты заманауи құрылыс материалдарымен қапталып, пластик терезелер, 36 жаңа есік орнатылып, электр сымдары жаңаланыпты. Сонымен қатар, екінші қабаттағы дәліздің шіріген ағаш едені тас еденмен ауыстырылып, мектеп ауласына жалпы көлемі 1340 шаршы метр қиматас төселіпті. Жөндеу жұмыстарынан кейін жаңарған білім ошағының сыртқы және ішкі келбетіне облыс басшысының көңілі толды. Жуырда мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар да жарқырап тұрған мектебін көріп мәз-мәйрам болары анық.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин аймақ басшысына облыстық бюджеттен бөлінген 500 миллион теңге қаржыға биыл жаз 5 мектепте күрделі жөндеу жүргізілгенін айтып, жалпы қала мен ауыл мектептерінің оқу жылына әзір екенін баяндады. Ауыл мектептеріне көмір 15 тамызда тасылып болады. Соңғы 2 жыл ішінде білім ошақтарының қазандықтары толық жаңаланыпты.
500-дей тұрғыны бар Қоянды ауылында екі көшені асфальттау қолға алынған екен. Шаңырақ көшесінде жұмыс аяқталып, енді қашықтығы 1,8 километр Орталық көшеде жұмыстар жүріп жатыр. Тағы 4 көшеге келесі жылы қала бюджетінен бөлінетін қаржы есебінен асфальт төселеді.
Жалпы, көмірлі шаһар іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы болып келеді. Соның бір көрінісі – мұнда «Промжилстройкомплекс» фирмасы денешынықтыру-суықтыру кешені құрылысын жүргізіп жатыр. Бір мезетте 25 адам жаттыға алатын аумағы 816 шаршы метр спорт кешенінің қабырғалары көтеріліп, құрылысшылар қызу еңбек үстінде.
Негізі, аталмыш жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2 жыл. Құны – 500 миллион теңге. Биылғы жылға республикалық бюджеттен 150 миллион теңге бөлініпті. Мердігер фирма директоры Виталий Овцынов аймақ басшысын жұмыстың сапалы атқарылатынына сендірді. Спорт кешені келесі жылы іске қосылған соң, мұнда балалар мен жастар баскетбол, волейбол ойнап, күрес түрлерімен шұғылдана алады.
Айтпақшы, дәл осындай спорт кешені Бәйет ауылында да салынып жатқанын айта кету ләзім.
Қоянды ауылындағы игі өзгерістерді оң бағалаған облыс әкімі Асайын Байханов келешегі зор ауылдық елді мекендерді көркейту осылайша кешенді түрде жүргізілуін қолдап, алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасын табады деді.
Жассерік Сәдуақас


