Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде Баянауыл өңірінен шыққан суретші Жанна Оразованың «Інжу-маржандар» атты жеке көрмесі ашылды. Көрмеге автордың 54 туындысы қойылған. Олардың басым бөлігі – Баянауылдың табиғатын бейнелейтін пейзаждар. Жанна Оразова суреттерінде туған өлкенің көркем көріністерін — таулы аймақтар мен орман-тоғайды, жазиралы жайлаулар мен көл жағасын бейнелеуге ерекше мән берген. «Жасыбай көлі», «Көктем нұры», «Күзгі қайыңдар», «Қамыс» сияқты жұмыстарында жылдың әр мезгіліндегі табиғаттың бояуы мен көңіл күйі дәл берілген.
Суретші туындыларын майлы бояумен салады. Әрбір картинасы композициялық жағынан жинақы, бояу үйлесімі табиғи, мазмұны терең. Мысалы, «Көктем нұры» атты туындысында ерте көктемгі табиғаттың оянуы мен жеңіл жарық әсері шебер жеткізілген. Ал «Күзгі қайыңдар» картинасы сарғыш және қоңыр реңктер арқылы күздің салқын тынысын сезіндіреді.
Бұл – Жанна Оразованың үшінші жеке көрмесі. Алғашқы екеуі 2023 жылы Баянауылда Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған болатын.
Сурет салу – менің сүйікті ісім. Табиғатты бейнелеу арқылы көңіл күйімді жеткіземін. Бұл көрмеге туған жерге, табиғатқа деген сезімімді білдіретін жұмыстарымды әкелдім, – дейді Жанна Сәлімқызы.
Көрменің ашылуына суретшінің туған-туыстары, достары, әріптестері мен қала тұрғындары қатысты. Айта кетейік, Екібастұз тарихи-өлкетану музейі жергілікті өнер иелерін қолдап, олардың шығармашылығын көпшілікке танытуда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. «Інжу-маржандар» көрмесі 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ділназ СЕРІКБАЙ


