Ақкөлдің 90 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өткеніне Екібастұз жұртшылығы ғана емес, аймақ, тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар да куә болды. Бұл шараның тарихы терең, шежіресі бай мекеннің абыройын асқақтатқан, елдігімізді паш еткен той деп ұзақ уақыт мақтанышпен айтылатынына сенімдіміз.
Мерейлі мерекеде Ақкөлден түлеп ұшқан бірнеше әулет өз киіз үйін тігіп, алыстан келген ағайынды құшақ жая қарсы алды. Солардың ішінде Барменовтер әулеті де бар.
Әулеттің киіз үйі ұлттық нақышта безендіріліп, ішкі көрінісі өткен мен бүгінді үйлестіріп тұрғандай әсер қалдырды. Қонақтар дәстүрлі тағамдардан дәм татып, ауыл өткенінен әсерлі естеліктерін бөлісті.
– Бала кезімізден атамыз Ақкөл-Жайылманы сегіз көлдің торабы, ата қонысымыз деп айтып отыратын. Әкем Зейін Барменұлы Ақкөл орта мектебінде физика-математика пәнінен сабақ берген. Анамыз Күләй Сағынқызы қазір 87 жаста, осы ауылда еңбек етті. Өзім де 10 жылдан астам туған ауылымда көлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. Қазір қалада отбасыммен тұрамын, – деген әулет басшысы Жүрсін Зейінұлы әу баста тойда әулет болып киіз үй құрып, келетін қонақтарды күтісу керегін айтқан ауылдастардың ұсынысын бірден қолдаған екен. Бүгінде астаналық болған бес қарындасы да отбасыларымен арнайы келіп, ағаларына қолғабыс етіп, құрақ ұшты. Немере-жиендер де қалыс қалмады: бірі дастархан жайысса, енді бірі ән-биден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
Қара шаңырақ иесі – бүгінде зейнеткер. Жары Гүлмира екеуі Алтынбек, Айдана, Махаббат есімді ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отыр. Ұрпақ тәрбиесіне мән берген бұл әулеттің бүгінгі жетістігі де – сол берекелі тірліктің жемісі. Мәселен, Ақкөлдің 90 жылдық тойымен тұспа-тұс келген теміржолшылардың кәсіби мерекесінде ұлы Алтынбек «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы» АҚ – «Павлодар магистральдық желі бөлімшесі» Екібастұз электрмен жабдықтау дистанциясында атқарған адал еңбегі үшін «Үздік жас маман» атанып, алтын медальмен марапатталды.
Кешегі той – тамыры тереңге кеткен рухани сабақтастықтың көрінісі. Осындай бірлігі бекем, ниеті түзу, өнегесі мол әулеттер тұрғанда Ақкөлдің де келешегі кемел боларына сенім зор.
А.ҚАСЫМЖАН
