Елімізде 2020 жылдан бері енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі халықты тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Алайда жүйе іске қосылғанына бірнеше жыл өтсе де, оның мүмкіндіктерін толық пайдаланбай отырған азаматтар әлі де бар. Осыған байланысты сақтандырылмаған тұрғындарды жүйеге тарту және алдағы кезеңде енгізілетін жаңалықтарды талқылау үшін таяуда Екібастұз қаласындағы «Кайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде өңірлік штабтың отырысы өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары, ауылдық округ әкімдері, білім, әлеуметтік қорғау және мемлекеттік кірістер бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облыстық филиалының директоры Жангелді Шаймбетов қатысты.
Жиында айтылған деректерге сүйенсек, Екібастұз өңірінде 20 мыңға жуық азамат МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Бұл — әрбір бесінші тұрғын медициналық көмектің толық көлемін алу құқығынан айырылып отыр деген сөз. Осы мәселені шешу үшін арнайы штаб құрылып, оның құрамына денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мемлекеттік кірістер басқармасы мен жұмыспен қамту саласының мамандары, ауылдық округ әкімдері енгізілген. Жауапты орган ретінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бекітілді.
Әр сала өз бағыты бойынша нақты алгоритмдер әзірлеп, жүйелі жұмыстарды қолға алды. Медицина мекемелері сақтандырудың маңыздылығын түсіндірумен айналысса, жұмыспен қамту орталықтары ресми тіркелген жұмыссыздарды жүйеге қосу арқылы қамтуды арттырмақ. Білім беру мекемелері де ақпараттық түсіндіру шараларын белсенді жүргізуде. Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жүзеге асырылмақ.
Жиын барысында Жангелді Мырзағалиұлы МӘМС жүйесіне енгізілетін бірқатар өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар үшін жарнаны республикалық бюджет емес, жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл санатқа табысы жоқ, баспанасыз немесе әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындар кіреді.
Сондай-ақ, 2027 жылдан бастап мемлекеттің жұмыс істемейтін азаматтар үшін төлейтін жарна көлемі 2%-дан 2,2%-ға өседі. Бұл көрсеткіш 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен артып отырмақ. Қазірдің өзінде мемлекет 15 санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл санаттарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік карта негізінде анықтайды.
Жергілікті атқарушы органдардың есебінен жарна төлеу тетігі әлеуметтік осал топтағы азаматтардың МӘМС жүйесінен тыс қалмауына мүмкіндік береді деген болжам бар. Яғни, бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Отырыста медициналық қызмет сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтайқызы тұрғындар тарапынан түсіп жатқан сын-ескертпелерге тоқталып, дәрігерлердің кәсіби міндетін барынша атқарып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, мәселенің бір ұшы кадр тапшылығында.
— Аймақта, әсіресе, ауылдық округтерде тар бейінді мамандар жеткіліксіз. Салдарынан тұрғындар уақытылы және сапалы медициналық көмек ала алмай отыр. Бұл мәселе біздің бақылауымызда. Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, кадр тапшылығын шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді ол.
Медициналық сақтандыру қорының басшысы Жангелді Шаймбетов те осы мәселені көтеріп, сақтандырылған азаматтардан нақты мамандардың тапшылығына байланысты шағым жиі түсетінін жеткізді. Әсіресе, белгілі бір бейіндік сала дәрігерлерінің жетіспеуі тұрғындарға қиындық туғызуда. Осыған орай ол жергілікті атқарушы органдарды білікті мамандарды ұзақ мерзімді жұмысқа тарту бағытындағы жұмысты күшейтуге шақырды. Отырыс соңында қатысушылар МӘМС жүйесіне толыққанды қатысу әр азаматтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуінің кепілі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ділназ СЕРІКБАЙ


