Екібастұз қаласында дәстүрге айналып үлгерген «Арбалар шеруі» биыл да көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, қатысушыларға ұмытылмас көңіл күй сыйлады. 31 шілде күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өткен отбасылық шараға 54 отбасы қатысып, өнер мен тапқырлық жағынан өзара бақ сынады.
Байқауға келген әр отбасы арбаларын түрлі тақырыпта безендіріп, көркемдік шеберліктері мен қиялдарын ортаға салды. Арбалар легінен ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін, әскери техника, кеме, торт, киіз үй, қоржын сияқты ерекше образдарды байқауға болады. Ұлттық нақыш пен заманауи стиль үйлескен көріністер көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығып, әр туындыға жеке баға берілді. Отбасы мүшелері тақырыптарына сай киініп келіп, әсерлі образдарымен шараның сәнін келтірді.
Мерекелік шара «AMANAT» партиясының Екібастұз қалалық филиалы мен қалалық мәслихат депутаттарының бастамасымен, білім бөлімі және «Екібастұз» балалар қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шеруде Майрятовтар отбасының «Экскамобиль» деп аталған ерекше арбасының идеясы мен жасалу шеберлігі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
— Арбаның қаңқасын жасауға пеноплекс, картон, пластик құбырлар қолдандық. Бұл тақырып бізге етене жақын, өзім «Богатырь Көмір» кенішінде экскаватор машинисі болып жұмыс істеймін. Байқауға алғаш рет қатысып отырмыз, – дейді Нұржан Майрятов.
Төрт қыз тәрбиелеп отырған Шмидтер отбасының туындысы да көпшіліктің жүрегінен орын алды. Балалардың ең кішкентайы – Лея әлі үш жасқа да толмаған. Анасы Дарья Шмидт №24 балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді.
— Колясканы гүлзар түрінде безендірдік. Лея раушан гүлі бейнесінде отыр. Ал өзіме жасыл сабақ тәріздес көйлек тігіп, басыма гүл шоғын тақтым. Төрт қызым — менің гүлдерім. Сондықтан осы образды таңдадық, – дейді ол.
Мұсаевтар отбасы да байқауға ерекше ынтамен дайындалып, арбаны ұлдары Салихқа арнап «Алтын бесік» тақырыбында әрлепті. Қорап пен фетрден бір күнде жасалған бұл туынды көпшілікке қарапайымдылығы және ұлттық реңкімен ұнады.
Ал Мейрамгүл Байсагова мен екі жасар қызы Айкөркем шараға жарқын түстермен көмкерілген, нағыз ертегі әлемінен шыққандай әсер қалдыратын барби стиліндегі арбамен келді. Арбаның дизайнын фетр, түрлі-түсті қағаз және барби суреттері құрапты. «Жобаны бір жарым күнде аяқтадық. Қызым барби мультфильмдерін ерекше жақсы көреді, ал қуыршақ — кез келген қыз балаға етене жақын образ. Арба бейнесімен үйлесуі үшін қызым екеуміз арнайы қуыршақ стиліндегі киімдерімізді үйлестіріп, біртұтас образ жасадық», – дейді Мейрамгүл Байсагова.
— Қатысушылардың дайындығы, шығармашылыққа деген ықыласы қуантады. Әсіресе, әкелердің белсенді атсалысуы биылғы байқаудың ерекшелігі болды. Бұл — қала тұрғындарының ұйымшылдығы мен өнерге деген құрметінің көрінісі, – дейді «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Мәлікова.
Байқау соңында қазылар алқасы мен көрермендердің шешімімен ерекше көзге түскен отбасылар түрлі номинацияларда марапатталды. «Ұлттық арба» аталымы Темірғалиевтер отбасына бұйырса, «Ертегі арбасы» аталымы Ясна Гараеваның отбасына табысталды. Заманауи әрі креативті дизайнымен ерекшеленген Нұрислам Нұрсұлтанұлы жанұясының еңбегі «Болашақтың арбасы» атанды. Ал спортты серік еткен Жангер Амангелдінің отбасы «Спорттық арба» номинациясында марапатталды. «Көрермен көзайымы» аталымын Мансұр Дүйсебиннің отбасы жеңіп алды. Шығармашылық пен шеберлікті жоғары деңгейде көрсеткен Майрятовтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Ділназ СЕРІКБАЙ

