Көппәтерлі тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Алдағы 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлерде кешенді іс-шаралар атқарылуда. Бұл туралы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ерлан Ақылтаев мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың сәуір айында үйлерде қабылдау-тапсыру жұмыстары басталып, 31 шілдеге дейін 518 көппәтерлі тұрғын үйде алдын ала тексерулер жүргізілді.
Мәселен, жылу тораптарын сығымдау жұмыстары 76%-ға орындалса, ішкі жылу жүйесін сынау 73%-ға жүзеге асқан. Сонымен қатар, 211 су жылытқыштарды сынау және тазалау (66%), 809 ішкі жүйені жуу (74%) жүргізілген.
Жөндеу жұмыстары да жоспарға сай атқарылуда. Қалада 103 көпқабатты үйде мақсатты алымдар есебінен жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, 74 үйде жылумен жабдықтау жүйесі, 14 үйде сумен жабдықтау жүйесі, 12 үйде кәріз жүйесі жөнделмек. Сонымен қатар, 3 көпқабатты үйде жаңа су жылытқыштар орнату жоспарланған.
Кондоминиум басқару органы жоқ 187 көпқабатты үйді жылыту маусымына дайындау үшін жауапты мамандар бекітіліп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастыру мақсатында қосымша кесте әзірленген. Оған қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті полиция қызметі өкілдері де қатысады.
Қалада пәтер иелері кооперативіне (ПИК) кірмейтін үйлердің басым бөлігі «Домкомхоз» ЖШС қарамағына берілген. Алайда тұрғындар аталған мекеменің өз міндеттерін тиісінше орындамайтынына шағымданып отыр. Мұндай жағдайда азаматтарға бірігіп тиісті мекемелерге арыздану құқығы берілген.
Бүгінде қаладағы 705 көппәтерлі тұрғын үйдің бәрінде жалпыүйлік жылу есептегіш құрал бар. Алдағы уақытта жылу есептегіштерді басқаруда өзгерістер болмақ. Жалпыүйлік жылу есептегіштері бар көпқабатты үйлердегі есептегіштерге қызмет көрсету мен көрсеткіштерді тіркеу жұмыстары жылу тарату кәсіпорны белгілеген компанияға берілуі мүмкін. Бұл жағдайда көрсеткіштерді бұрынғыдай ПИК өкілдері емес, арнайы бекітілген қызмет көрсету компаниясы тіркейтін болады. Бұл қызметке ақы төленеді және ол тариф құрамына енгізіледі. Аталған өзгерістер бойынша тұрғындарға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
Қала әкімдігі мен тұрғын үй инспекциясы бөлімі көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына сапалы және мерзімінде дайындауды басты назарда ұстап отыр. Азаматтар тарапынан белсенділік болып кері байланыс жолға қойылса, бұл жұмыстар тиімдірек атқарылар еді.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ


