Республикалық «Мектепке жол» акциясы әдеттегідей 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында жүреді. Акция аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылына дайындалуға материалдық көмек көрсетуді көздейді.
Акция аясында қалалық іс-шаралар жоспарында көрсетілгендей мұқтаж балалардың деректер банкі қалыптастырылып, «жедел желілер» мен сенім телефондарының үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Бұл жұмыстарға білім бөлімі мен мектептер тікелей қатысады. Мектеп әкімшілігі жалпыға бірдей білім беру қоры мен «Мектепке жол» акциясы бойынша белгіленген санаттағы отбасыларға көмек беру жолын қарастырады. Көмекке мұқтаж отбасылар 8 747 975 8872 телефонына хабарласуына болады.
Оқушыларды мектепке дайындауда ата-анаға мектеп тауарларын арзан бағаға сатып алу да зор көмек болмақ. Осы орайда қаладағы 20-дан аса кәсіпкерді тарта отырып тамыздың 16-сы күні «Maxi Mall» сауда орталығы алаңында мектеп жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Мұнда кеңсе құралдарының құны нарықтағыдан төмен болады.
Оқушыларды мектепке дайындау үшін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне, сондай-ақ, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мемлекеттік атаулы көмек алмайтын отбасылардың балаларына және жетім балаларға бір реттік көмек беріледі. Тиісті құжаттарды тапсырған соң ақшалай қаражат ата-анасының не заңды өкілінің банктік есепшотына түседі. Бұл қаражат тек қана оқушының киімі мен оқу құралдарына жұмсалуы тиіс. Биыл мұндай көмектің мөлшері әр балаға 50 мың теңгенің үстінде болмақ.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ