Екібастұз қаласындағы №13 жалпы орта білім беру мектебінің ауласында көптен күткен спорт алаңы ашылды. Ашық аспан астындағы жаңа нысан балаларға дене шынықтырумен айналысуға, спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Заманауи талаптарға сай салынған спорт алаңы бірнеше аймаққа бөлінген. Атап айтқанда, мұнда жасанды жабындылы футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолы, сондай-ақ, ашық ауада жаттығуға лайықталған түрлі спорттық тренажёрлар орнатылған. Алаңдағы жабдықтардың барлығы қауіпсіздік стандарттарына сай келіп, балалардың жас ерекшелігі мен дене дайындығы ескерілген. Алаң мектеп оқушыларының ғана емес, сонымен қатар, іргелес шағынаудандарда тұратын балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне де қолайлы.
Спорт алаңының құрылысы Павлодар облысы әкімінің қолдауымен білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған өңірлік бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны – 130,5 миллион теңге. Бас мердігер – «Сарман Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды сапалы әрі толық дайын күйінде тапсырған. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналар қауымы жаңа спорт алаңының сапасына жоғары баға беруде.
Ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мариям Маликова, қалалық білім бөлімінің басшылығы, ардагер ұстаздар және ата-аналар қатысты. Қонақтар өз сөздерінде бұл нысанның балалар мен жастардың дене тәрбиесі мен спорттық әлеуетін дамытуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
– Бұл – болашақ чемпиондар алғашқы қадамын жасайтын алаң. Мұнда жаттығатын әрбір бала физикалық тұрғыдан шынығып, мінезі мен тәртібін қалыптастырады. Ұмтылыс пен ерік-жігердің, табандылық пен тәртіптің мектебі деуге болады. Осындай кең әрі қауіпсіз спорттық кеңістіктер – мемлекетіміздің жастар саясатын қолдауының нақты көрінісі, – деді білім саласының ардагері, ұстаз Ерсағат Әшіров.
Салтанатты рәсімде спорт кешенінің лентасын мектептің мақтанышына айналған жас спортшылар, облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары Жансар Сейтқұлов пен Владимир Шерегало қиды.
Шара соңында мектеп оқушылары футбол және баскетболдан жолдастық матчтар өткізіп, жаңа алаңда алғашқы ойындарын бастап кетті. Балалардың көтеріңкі көңіл күйі мен ерекше шабытын көрген ата-аналар мен ұстаздар бұл бастаманың дер кезінде әрі орынды қолға алынғанын атап өтті.
Ділназ СЕРІКБАЙ


