Мерекелік бағдарламаның бірінші күнгі іс-шараларын атқарып кеш жатқан тойлы ауыл ертеңінде, яғни, 3 тамызда таң шапағымен бірге оянып, қым-қуыт шаруасына кірісті. Ауылдың күнбатыс жағындағы кең жазықта таға тәрізді тігілген 50 шақты киіз үйге лек-лек болып қонақтар ағылып, мұндағы сән мен салтанатқа таңдай қағысты. Ақкөлдің 90 жылдық тойына Екібастұз қаласынан «Богатырь Көмір», «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС- тері, «Гидропром» кәсіпорны, білім бөлімі мен «Атамұра» мәдениет орталығы, Екібастұз өңірінің ауылдық округтері, сонымен бірге, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс аудандары киіз үйлер тігіп, жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін тағы бір мәрте айғақтады. Ақкөлде өсіп-өнген Арымбековтер, Әбсаттаровтар, Мұсабековтер, Сағынтаевтар, Бәрменовтер, Ошымовтар, Естаевтар, Қабылтаевтар, Ілияшевтар, Ғаббар қожа әулеттері, Миялы, Ортақоға, Жақсат, Жайылма ауылдары, мектептің әр жылғы түлектері тіккен киіз үйлер де тойды тамашалуға жиналған қарақұрым халықты қол қусырып күтіп алды.
Кеуде керіп ауылдың жұпар ауасын жұтып, көңілі желпінген жұрт тойлы ауылды аралауға кіріскенде бас сахнадан ән әуелеп, алаң ортасында спорттық жарыстар басталып та кеткен еді. Ересектер жағы қазақ күресін, арқан тарту, гір көтеру, қол күрестіру, садақ атуды тамашалап, балалар ойын алаңында батутта секіріп, алтыбақан теуіп мәз-мәйрам болды.
Той бағдарламасына сәйкес, сағат 11.00-де үлкен-кіші бас сахна жанына жиналды. Кеш жүргізушілері:
– Қымбатсың, Жайылма – Ақкөл– туған жерім,
Сенде қанша төгілген маңдай терім.
Мәңгілік алтын бесік көнере ме,
Өсірген өзі баптап өрендерін,
– деп ақын Жәлел Сәдуақасовтың бір шумақ өлеңімен тойды бастап, Ақкөл-Жайылманың құт дарыған өңір екенін айтып өтіп, сөзді Павлодар облысы әкімі Асайын Байхановқа ұсынды.
Аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы: «Ақкөл топырағы– әулие Исабек ишанды бауырына басып жатқан киелі жер», –дей келе, елді мекеннің жылдан- жылға көркеюде екенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақты сақтау үшін – ауылды сақтау керек» деген сөзінің жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осылайша, ел-жұртқа ақ тілегін ақтарған аймақ басшысы мемлекеттік қызмет ардагері Қабдылқайыр Райымқұловтың өңіріне «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар, Қайырбай Зәкенов, Қабдолла Шілдебаев, Сағидолла Қожахметов облыс әкімінің құрмет грамотасымен, Мұқтан Көшербаев, Болат Спатаев алғыс хатымен марапатталды. Ал Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаевқа тойға тарту – 5 миллион теңге мөлшеріндегі сертификат табыс етілді.
Өнер сүйген қауым Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі орындаған күйлерді, Естай әндерін тыңдап, қазақ эстрадасының жұлдыздары Қуандық Рахым мен Мәдина Сәдуақасова шырқаған әндерден ләззат алды. Концерт кезінде «Туған ауылға тарту» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Әннің сөзін ақын Жассерік Жәлелұлы, әнін сазгер Асан Абдыкәрімов жазып, ҚР Қарулы күштері Ұлттық патриоттық орталығының солисі Дәурен Төлеубаев орындады. Әннің:
«Қалған жер балалығым, шалалығым,
Алған жер абыздардың даналығын.
Ауылдан жылжымаған ел, аман бол,
Ойлаған алты алаштың амандығын»
деген соңғы шумағы ақкөлдіктердің туған ауылым деп буырқанған сезімін жеткізгендей көрінді.
Спорттық жарыстар да той көрігін қыздырды. Әсіресе, арқан тарту аса тартысты болып, 12 команда арасынан Ақкөл ауылы командасы топ жарды. «Богатырь Көмірдің» мықты жігіттері екінші орынды, Ақсу командасы үшінші орынды иеленді.
Ұлттық ойынның бірі – асық атуда Жомарт Нұрланов жеңімпаз атанып, Нұрасыл Алданов – екінші, Абылай Аманов үшінші орынды қанағат тұтты. Кейінгі кезде дәстүрлі садақ атудың қарқынды қолға алынғаны мәлім. Тойда ересектер қалқан нысанасын көздеп жарысты. Екібастұздық Бауыржан Байсүгіров I орынды, шымкенттік Мақсат Әбдікерімов II орынды, семейлік Әділет Исмурзин III орынды иеленді. Жамбы нысанасында екібастұздық Әлихан Әйткенов жеңімпаз атанса, балалар қалқан нысанасында жарысып, қыздар арасында Гүлжамал Қарашашева, ұлдар арасында Әлихан жеңіске жетті.
Әдеттегідей палуандар күресі бірнеше сағатқа созылса да, жұрт тапжылмай көрді. 60 кило салмақта баянауылдық Жангелді Амангелді, 70 кило салмақта екібастұздық Заңғар Шыңғысов, 80 кило салмақта екібастұздық Әлімжан Жаңбырбаев жеңімпаз атанды. Түйе палуандар күресінің финалында белгілі палуан Мұхтар Дәлелхан мен шарбақтылық Темірғалы Құдайберген кілемге шықты. Екеуі негізгі уақытта да, қоян-қолтық белдесуде де тең түсіп, салмағы жеңілдеу Темірғалы бас жүлде – жылқыны иеленді.
Қазақ тойының көркі ат бәйгесі мен көкпар емес пе. Соңғысына келсек, Ақкөл ауылы көкпаршыларының атағы бүгінде жер жарып тұр. Көкпар бұл жолы Павлодар облысының жастар арасындағы жабық чемпионаты түрінде өткізіліп, оған жеті команда қатысты. Ақкөлдің «Сайфуллах» командасы бірінші күні Кенжекөл мен Баянауыл командаларын тас-талқан етіп, финалға шықты. Ал Ақтоғай мен Май аудандары командалары арасындағы додада есеп 1:1 болып, жекпе-жекте соңғысының мерейі үстем болды. Сөйтіп, финалда ежелгі қарсыластар – Ақкөл мен Май ауданының көкпаршылары кездесті. Жас оғлан Диас Төлеу бастаған ақкөлдік көкпаршылар әбжіл қимылдап, қарсылас команданы 8:0 есебімен ойсырата жеңді. Жеңімпаз «Сайфуллах» командасына жергілікті «Тұрар» шаруа қожалығының басшысы Мақсұт Мұқажанов тіккен жүлде – жеңіл көлік кілті табыс етілді. Жас көкпаршылардың шеберлігін Дәурен Жандарбеков бастаған аға буын көкпаршылардың шыңдағанын атап өту ләзім.
Ақкөл ауылының 90 жылдық тойы ат бәйгесімен аяқталды. Той қарсаңында ауылдың атқұмар азаматтары қаражат қосып, күш-қайратын жұмсап жаңа атшабар жасаған-ды. «Тай атқа, ат мұратқа жеткізеді» демекші, тай жарысқа 56 тай қосылды. Солардың ішінен Қарағанды облысынан келген Дубай көмбеге бірінші болып жетті. Талдықорғанның Ханжирені екінші, Жамбыл облысының Сақыбы үшінші болып келді.
Құнан жарыста Тараздың жүйрігі – Елестің бағы жанды. Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылының әйгілі атбегісі Батталдың Ханшайымы екінші жүлдені иеленді.
Топ бәйге мен аламан бәйгенің бас жүлдесіне жеңіл көліктер тігілгендіктен, жер-жерден дәмелі жүйріктер жиналған екен. 18 шақырымдық топ бәйгеге 34 сәйгүлік қосылды. Шашасына шаң жұқтырмай шапқан кіл жүйріктер ішінен Жамбыл облысының абыройын асқақтатып, Еркеторы көмбе сызығын бірінші болып қиды. Аттың иесіне жеңіл көлік сыйға берілді.
Аламан бәйгеде аты елімізге аян Желқара алдына қара салмады. Желқара көмбеден өтісімен қалың көпшілік 10 жасар шабандоз – Хамза Амангелдіні қаумалап, жапырлап естелік суретке түсті. Бас жүлдеге Қанат Тұрлыбеков басқарып отырған «Диас Дар» ЖШС тіккен «Хавал» жеңіл көлігі табыс етілді.
Айтпақшы, ат жарысқа арнайы шақырылған елімізге танымал комментатор, әнші Елдос Үмбетәлі бүгінгі ат спорты тарихын әңгімелеп, ерен жүйріктер мен атбегілер туралы айтып, сөзіне әзіл-қалжың араластырып, атқұмар қауымның көңілінен шықты.
Әр ауылдық округтің өсіп-өркендеуі экономикалық күш-қуатына байланысты екені белгілі. Бұл жағынан алғанда Ақкөл ауылының тасы өрге домалап тұр. Соның айғағындай тойда ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды малдың көрмесі ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындарының табысы молайған сайын тұрмысы да жақсарып келе жатқанын қонақтар көзбен көріп, «Бәрекелді» десті. Ал ауыл тұрғындары өз кезегінде ақкөлдіктер үшін мерейлі жылда игілікті істерді жүзеге асыруға қолдау көрсеткен аймақ басшысы Асайын Байханов пен Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге алғыстарын жаудырып отыр.
Сөз соңында айтарымыз, Ақкөл ауылының 90 жылдық тойы есте қаларлықтай болып өтті. Ақкөлдіктер бірлік пен ынтымақтың үлгісін паш етіп, абыройы асқақ ауылдың атына азаматтарының заты сай екенін дәлелдей білді.
Ж. СӘДУАҚАС,
Ақкөл ауылы


