«Тоқсан жыл толып отыр ауылыма,
Сауын айттық алаштың қауымына.
Жарандар, құтты болсын, той басталды,
Киелі Жайылма-Ақкөл бауырында!
Мереке ақкөлдіктер күткен көптен,
Тарқатсақ қарт тарихты бізге жеткен.
Мың тоғыз жүз отыз бестің көктемінде
Ақкөлді аға буын қоныс еткен…».
Ала жаздай әзірлік жүргізілген Ақкөлдің 90 жылдық ұлан-жігір тойы әуелі 2 тамыз күні ауыл ішінде басталды. Мәре-сәре болып бір-бірімен қауышқан ауылдастар тойға тарту – тұғырға қондырылған бесік қасында суретке түсіп, сәнді сахна алаңшасына жиналды. Сахна іргесінде тутұғырда еліміздің көк байрағы желбіреп тұр. Алдыңғы қатарға жайғасқан қадірменді қариялар қауқылдасып әңгіме айтып, жастар жағы, арқадан ауыр жүк түскендіктен, әзіл сөзге көшіпті. Бір мезет жүргізушілер той басталғанын хабарлап, сахнаға Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев көтерілді.
Нияз Құдайбергенұлы ақкөлдіктерді құттықтап, бірқатар еңбек ардагерлері мен ауыл азаматтарын марапаттады. Соның ішінде «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін Еренғайып Оспанов, Мақсұт Естаев, Ғабит Арымбеков алды. Ал Саржан Абжаров пен Қайкен Мұқанов облыстық мәслихаттың құрмет грамотасын, Сайран Мусин, Фаттах Базылов, Жанат Әбдіғапаров облыстық мәслихаттың алғыс хатын иеленді. Осыдан кейін сахнаға шыққан тойды ұйымдастыру комитетінің мүшелері Жасұлан Сәдуақасов, Дүйсенбек Оспанов, Манат Алғамбаров және ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев Ақкөл ауылының жасы сексеннен асқан қарияларының үстіне шапан кигізіп, мерейтойлық медаль ұсынды. Осындай құрмет көрген 85 жастағы Мәкен Біржанқызы тойға арнау өлеңін оқып берді. Сөз арасында айта кетелік, Мәкен әженің әкесі Біржан Сәлменов «Ақкөл» кеңшарында соғысқа дейін кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеген екен, майданда қаза тауыпты.
Торқалы тойдың беташарында туған ауылын абаттандыруға маңдай терін төккен азаматтарға ерекше алғыс айтылып, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді. Бұлай болар жөні бар, қала мен ауылдағы әр жылғы түлектердің күшімен ауыз толтырып айтарлықтай игіліктер жасалып, елді мекен жайнап шыға келді емес пе. Атап айтқанда, 1985 жылғы түлектер клуб маңына сахна орнатса, 1979 бен 1980 жылғы түлектер және жеке демеушілер қосқан қаражатқа тұғыр үстіне бесік қондырылды. Тұғырды орнатуға, оның айналасына қызғылт түсті қиматас төсеуде Арман Жанділдашев пен Жанат Жұмажанов ерен еңбек сіңірді. Бесік қасындағы баннерде:
«Тербелген тал бесікте қазақпыз біз,
Ертегі, қисса жырды тыңдап өскен.
Тәлімді тәрбие бер ұрпағыңа,
Тамырын үзбеу үшін туған жерден»
деген Жассерік Жәлелұлының бір шумақ өлеңі жазылған.
2000 жылғы түлектердің күшімен орнатылған тутұғыр, 1994 жылғы түлектер жасаған «Ауыл тынысы» сквері ауылдың ажарын ашып тұр. Сонымен бірге, 2010 жылғы түлектер Исабек ишан атындағы мешітті, 2006 жылғы түлектер музейдің кіреберісін, 1997 жылғы түлектер жазғы спорт кешенін, 1992 жылғы түлектер ауыл ішіндегі футбол алаңын көріктендірді. Ақкөл орта мектебі түлектері жинаған және «Ақкөлім, кербезсің-ау Арқадағы» концертінен түскен қаражатқа төрт көшенің қос қапталына орнатылған біркелкі профқаңылтыр шарбақтар да көз қуантады. Осы ауқымды жұмыстың басы-қасында ауыл азаматтары Сәкен Мақажанов, Рүстем Шүкіров, Мейірман Сағынтаев, Саят Арымбеков, Жомарт Ахмедьянов және тағы көптеген жігіт жүрді. Игі істерді үйлестіруші Екібастұз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ақкөл ауылының тумасы Жасұлан Сәдуақасов болғанын атап өту абзал.
«Мектептен самғап ұшқан түлектерім,
Ақкөл деп соғып тұр ғой жүректерің.
Мың алғыс баршаңызға айтамыз біз,
Ерлік іс – туған жерді түлеткенің!».
Елді мекеннің көріктенуіне биылғы жылы облыстық және қалалық атқарушы биліктің де айрықша көңіл бөлгенін айта кету ләзім. Қалалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен ауыл асханасы мен ауылдық клуб күрделі жөндеуден өткізілді. Клубқа жаңа жиһаз бен ЛЭД экран сатып әперілді. Ал 1981 жылғы түлектер 5 домбыра мен 2 радиомикрофон сыйлады.
Сонымен қатар, қала бюджеті қаржысына елді мекенге бұрылыста орнатылған стела жаңартылып, әулие Исабек ишан кесенесіне апаратын жолайрықта айшықты стела жасалды. Ауылға кіреберістен бастап көше бойларына жалпы қашықтығы 2,4 километр жарық шамдары орнатылды. Ақкөл мен Зеленая роща ауылдарындағы жасанды жабындылы футбол алаңдары жаңаланды. Ал облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 5 көшеге жалпы қашықтығы 2,7 километр асфальт төселді. Осылайша, әулиелі Ақкөлге биыл жаз аспаннан нұр жауғандай болды.
Түтіні түзу ұшып, береке-бірлігі жарасып отырған ауылда екі пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға таяу қалды. Ол екі пәтерге Ертіс ауданы мен Екібастұз қаласынан көшіп келетін балалы-шағалы екі отбасы қоныстанатын болады.
Тойдың бірінші күні Қазақ Елінің көк байрағын желбіретіп ауыл көшелерімен жүріп өткен 50 автокөлік шеруімен түйінделіп, ақшам жамырағанда би кеші өтіп, түнгі аспанды отшашу жарқыратты.

