Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу әрдайым өзекті. Бүгінде өңірдегі 690 оқушы қиын оқушы ретінде арнайы тізімде тұр. Олардың бос уақыттарын қамту мақсатында жаз бойы «Заң және жасөспірім», «Өзіме-өзім сын айтам», «Гаджеттен демаламын», жазғы хакатон, садақ атудан чемпионат, «Отбасылық аква-драйв», «Тату отбасы» квест ойындары жүзеге асырылды.
Жаз келісімен кішкентай балалардың терезеден құлау фактілері жиіледі. Екібастұз өңірінде 4756 бала көпқабатты үйлерде тұрады екен. Олардың 3398-інде қауіпсіздік құлыптары орнатылған. Қауіптің алдын алу үшін балабақшаларда «Қауіпсіз терезе» акциясы жүргізілді.
Каникулда өңірдегі суқоймаларда ТЖ, полиция басқармалары, білім бөлімі бірлесіп рейд өткізуде. Қала аумағындағы 12 су айдыны ерекше бақылауға алынған. Ата-аналарға балалардың велосипед, мопед, скутер жүргізу кезіндегі қауіпсіздігі туралы түсіндірілді.
Бос уақытты қамту шаралары тамыз айында да жалғасын табады. Жасөспірімдерге арналған құқықтық квесттер, ата-аналарға арналған кеңес беру пункттері мен онлайн-жобалар жүзеге асырылады.


