Білім бөлімі балалардың жазғы демалысын тиімді де үйлесімді жоспарлапты. Осы мақсатта қаладағы 34 мектеп пен 4 қосымша білім беру ұйымы базасында 37 мектеп жанындағы лагерь мен 40 бейіндік алаңша жұмыс істеді. Лагерь үш маусымға жоспарланып, жалпы 21 мыңнан аса бала қамтылды.
Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен әлеуметтік осал санаттағы 1980 баланың жазғы демалысы мен тамақтануы ұйымдастырылды. 51,6 млн. теңгеге 430 жолдама сатып алынған.
– «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Жазғы жолдама» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 35 оқушы Ақмола облысындағы «Парус» лагерінде, 16 маусымда 100 бала, 7 шілдеде ауыл мектептерінен 60 бала «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалды. 2 мыңнан аса оқушы түрлі саяхаттарға қатыстырылды, – деді жазғы демалыс туралы әңгімелеген Лаура Аманқызы.
Жазғы каникулды тиімді ұйымдастыру аясында жасөспірімдер еңбекпен қамтылып, мектеп оқушыларының еңбек жасағы жұмыс істеуде. Биыл да жасақ құрамына 21 мектептен 600 оқушы тартылды. Оқушылар 10 күн 4 сағаттан еңбек етті. Олар күрек, қолғап секілді құралдармен қамтамасыз етілген. Еңбекақы – 30 мың теңге көлемінде. Еңбек жасағы үш ауысымда жұмыс істеді. Жасаққа ең алдымен көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасы балалары алынды. Жетім балалар мен тәуекел тобындағылар да қамтылған. Оқушылар еңбек жасағының екі-үш маусымына қатысуға тілек білдіруде. Бұл жобаның сұранысқа ие екенін көрсетсе керек.


