Қазақстанда еңбек ресурстарын тиімді пайдалану және жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды тапшылық байқалатын аймақтарға көшіру мақсатында ерікті қоныс аудару бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл мемлекеттік бастама азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, өңірлердегі еңбек нарығының теңгерімін қалыптастыруға септігін тигізуде.
Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға бес түрлі мемлекеттік қолдау ұсынылады. Ең алдымен, көшіп келуші мен оның отбасы мүшелерінің әрқайсысына 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде бір реттік субсидия төленеді. Бұл 2025 жылғы есеп бойынша 275 240 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, азаматтарға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге төленетін шығындар да өтеледі. Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызын жабуға мүмкіндік береді, алайда бір отбасына берілетін шекті мөлшері 1 160 АЕК немесе 4 561 120 теңге деп белгіленген.
Қоныс аударушылар кәсіптік оқыту курстарына қатысып, жаңа мамандық игере алады және жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Өз ісін бастаймын деген азаматтарға кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға қолдау қарастырылған.
– Бағдарлама 2017 жылдан бері іске асуда. 2024 жылға дейін Екібастұз өңіріне оңтүстік облыстар мен шет елдерден келген қандастар қатарынан 730 отбасы көшіп келген. Оның ішінде 533 отбасы немесе 2328 адам – ерікті қоныс аударушылар. 2025 жылы осы өңірге 84 отбасыны көшіріп әкелу көзделген, соның ішінде 49-ы – оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар қатарынан, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева.
Жыл басынан бері 17 отбасы (78 адам) көшіп келіпті. Шілде айына дейін 35 отбасына субсидиялар мен тұрғын үй шығындарын өтеу қарастырылды. Тамызда тағы 4 отбасыға экономикалық ұтқырлық сертификаттары төленбек.
Екібастұзға көшіп келгендердің арасынан 172 адам еңбекке қабілетті деп танылып, оның 151-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ