24 шілде күні Екібастұз қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Дастан Исин тағамнан улану мен жедел ішек инфекцияларының алдын алу шаралары туралы баяндады. Маман атап өткендей, бүгінде елімізде тағам арқылы жұғатын аурулардың таралуы өзекті мәселеге айналды. Әсіресе жаз мезгілінде ішек инфекцияларының өршуі жиілеп тұр. Тез бұзылатын өнімдердің дұрыс сақталмауы және жеке гигиена талаптарына мән бермеу осындай жағдайға ұрындырады.
Тағамнан улану көбінесе үй жағдайында дайындалған, сапасы тексерілмеген өнімдерді қолданудан туындайды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы торттар мен басқа да тәтті тағамдарды тапсырыспен әзірлеу кең етек жайған. Алайда мамандар мұндай өнімдердің құрамында адам денсаулығына қауіпті микроорганизмдер болуы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе құрамында кремі бар кондитерлік бұйымдар, термиялық өңдеуден толық өтпеген ет, жұмыртқа, сүт өнімдері, майонез қосылған салаттар және дұрыс сақталмаған фаст-фуд тағамдары аса қауіпті саналады.
Брифинг барысында тағамнан улану мен ішек инфекцияларының алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді. Дастан Арғынұлының айтуынша, мұндай аурулардың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті. Ең алдымен, тамақ дайындау алдында және дәретханадан кейін қолды жиі және мұқият жуу қажет. Сонымен қатар, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі таза суды пайдалану, өнімдердің жарамдылық мерзімін тексеру, күмәнді тағамдарды тұтынбау, шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау мен оларды бөлек аспаппен өңдеу барлығы аурудың алдын алуға көмектеседі. Әрбір тағам толықтай термиялық өңдеуден өткізілуі тиіс. Дайын тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдыруға болмайды, ал сақтау үшін тоңазытқышты пайдалану қажет. Үй жағдайында дайындалған, әсіресе кремі бар тәтті тағамдарды көпшілік іс-шараларға пайдаланбау ұсынылады.
Жедел ішек инфекцияларының таралуы көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Себебі олардың ас қорыту жүйесі толық жетілмеген, ал иммунитеті әлсіз келеді. Осыған байланысты ата-аналар балаларға сапасыз сүт өнімдерін, шикі жұмыртқа мен көшеде сатылатын тағамдарды беруден барынша сақ болғаны жөн.
Қоғамдық тамақтану орындарында да санитарлық талаптардың қатаң сақталуы міндет. Әрбір қызметкердің медициналық тексерістен өткені туралы жарамды санитарлық кітапшасы болуы керек. Сондай-ақ, арнайы санитарлық киім мен бір реттік қолғаптар міндетті түрде пайдаланылуы тиіс. Ас дайындайтын орындар мен жабдықтардың тазалығы, шикізаттың сапасы мен қауіпсіздігі, сақтау жағдайлары мұқият қадағалануы қажет. Мерекелік шаралар кезінде салаттар мен ет, балық өнімдерін алдын ала дастарханға қоюға рұқсат етілмейді.
Мамандар тағамнан улану көбіне бейқамдық пен немқұрайдылықтың салдары екенін айтады. Мұндай келеңсіз жағдайлардың қайталанбауы үшін әрбір адам мен кәсіпкер санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, тағам қауіпсіздігіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Ділназ Серікбай