Ғалым, академик, қоғам қайраткері, ақын әрі сазгер Байболат Әубәкіровтің туғанына биыл 70 жыл толды. Сәуір айында Естай атындағы балалар музыка мектебінде әйгілі жерлесіміздің шығармашылығына арналған «Жасын ғұмыр жарқылы» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылған еді.
Көп жылдар бойы «Қазақ зағиптар қоғамын» басқарған, есімі Қазақ ұлттық энциклопедиясына енген, Республикаға еңбегі сіңген экономист, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Байболат Абайұлының атын ардақтау Ақкөл ауылының 90 жылдық тойы қарсаңында жалғасын тапты. Сөйтіп, өңірімізге белгілі азаматтар Әлім Барлыбаев, Серік Занов, Ербол Айтбаев, Жанәлидин Смағұловтың ұйытқы болуымен 27 шілде күні Байболат ғалымға Зеленая роща ауылында билборд орнатылды.
2022 жылы көз жұмған Байболат Абайұлының жастық шағы Төртүй ауылында өткенімен, кішкентай бала күнінде Зеленая роща ауылында атасы Смағұлдың бауырында болып, жергілікті мектептің табалдырығын аттап, білім алған. Өйткені осы құт ұялаған ауыл – Әубәкіровтар әулеті өсіп өнген елді мекен. Яғни, Байболат ағаның қиялын қанаттандырған, өзін талаптандырған туған жерінде билборды ілінуі – заңдылық. Ауыл орталығындағы саябақта орнатылған тұғырдан ендігі уақытта Ақкөл-Жайылма өңірінен шыққан тұңғыш академик Байболат Әубәкіров жылы жүзімен күлімсіреп бізге қарап тұрмақ.
Қуанышты оқиғаға жиналған қауым бір-біріне құтты болсын айтып, естелікке суретке түсіп тарқасты.
Ж.Жәлелұлы