
Сонау 1935 жылы құрылған «Ақкөл» кеңшарынан ақтылы қой өсірудің майталмандары көптеп шыққан. Сол әйгілі шопандардың көш басында Әбілшайық Жасановтың тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Таяғы құтты шопан жайлы кезінде баспасөзде мақалалар жазылып, өмірі мен тәжірибесі кітаптарда баяндалып, тіптен ақындар өлеңдерін арнағаны аға буынның жадында болар. Аға буынның білгенін кейінгі жас буын да біле жүрсін деген оймен шопандардың атасы – Әбілшайық Жасанов туралы тағы бір мәрте жазуды жөн көрдік.
1987 жылы Алматы қаласындағы «Қайнар» баспасынан сол кезде «Ақкөл» кеңшарының директоры болып қызмет істеген Әбілқақ Түгелбаевтың «Ер еңбегімен еңселі» атты кітабы жарық көрген еді. Сол кітапқа үңіле отыра, кейіпкеріміз жайлы әңгіме қозғайық.
«Әбеңді «Ақкөл» совхозындағы шопандардың атасы деуге болады. Осы совхозға әкелінген ең алғашқы қой отарының аға шопаны да, осы өңірдегі шопандар арасында Ленин орденімен тұңғыш наградталғаны да сол.
Өзгелерден сүйегі, заты асылдай,
Әрбір сөзі бабаңның батасындай.
Барлық шопан Әбеңнен тарайтындай,
Барлығының ол шопан – атасындай.
Осы өңірдің бір кезде ол өрені екен,
Мәртебесі өзгеден ала бөтен.
Өзі баққан баяғы жалғыз отар,
Жүз отар боп бұл күнде өреді екен, – мадақ өлеңі де жүз жасап өмірден өткен Әбілшайық Жасанеовтың ерен еңбегін әйгілеп тұр емес пе.
Қартайып қайраты қайтқанша қой баққан Әбеңнің таяғын баласы Бораш ұстап, ол да еселі еңбегімен танылып, «Еңбек Қызыл ту» орденін өңіріне тақты.
Жүз жасаған қария Әбілшайық Жасановтан үлгі-өнеге алған ізбасарлары көп. Кейінгі жылдары Бақыр Көпежанов Ленин орденімен, Әбіл Жақыпов Ленин және Октябрь Революциясы ордендерімен марапатталса, Бөкен Қызғарин Социалистік Еңбек Ері атанды. Адал еңбегі үшін өңірлеріне көптеген орден-медаль таққан Жақсылық Бөкенов, Қайрат Мұсабеков және тағы басқалары да Ақкөлдің абыройын асқақтатты.
Сөз соңында бүгінгі қысқа мақаланы жазуға мәлімет беріп көмектескен Әбеңнің немересі Рүстемге ризашылық білдіремін.
Ж.Бұланбай
