Кейінгі кезде онлайн алаяқтықтың неше түрі шығып, адамдар таң қалмайтын болған. Кей жағдайда жеке ақпараттар базасына қол жеткізген алаяқтар «құрбандарының» келісімінсіз-ақ несие ресімдейді. Ал кейде азаматтар аңқаулық танытып, жеке бастарына қатысты деректерді өздері-ақ айтып береді. Алаяқтың арбауына түсіп, бірнеше несие ресімдеген азаматтың проблемасы қала прокуратурасы, полиция және банк өкілдері бас қосқан отырыста қаралды. Бұл мәселеге қатысты жиын осымен үшінші рет өтіп жатыр екен.
Зейнеткер А. әлеуметтік желіден инвестиция салу туралы ұсынысты көреді. Салған ақша бірнеше еселенеді деген алаяқтың тартымды ұсынысына қызыққан ол бар жиған-тергенін аударуды ұйғарады. Ол аз көрініп, Kaspi Bank, Halyk bank, Home Credit Bank секілді қаржы ұйымдарынан несие алған. «Алаяқтар Каспи ред ашуға мәжбүрледі», – дейді тағы.
«Ақшаңыз еселенеді» деген алаяқ көп ұзамай ізін суытып, қаражатты алып жоғалған. Ал зейнеткер бірнеше банкке несие төлеуге мәжбүр.
Тергеу әлі де жүріп жатыр. Жәбірленушінің айтуынша, іс қозғалғаннан бері 5 тергеуші ауысқан. Осы іске қатысты 9 дроппер анықталған. Олар Қазақстанның әр өңірінде тұрады.
– Екі дропперге қатысты іс пысықталуда. Қалғандарына полицияға шақырту жіберілді, – деді отырыста қала прокурорының орынбасары Тілеужан Жанәбілов. – Несиені төлеу тергеу ісі аяқталғанша тоқтатылды.
– Мендегі жалғыз ғана кіріс көзі – зейнетақы. Небәрі 228 мың теңге зейнетақы алатын адамға бірнеше миллион теңге несие ресімдеу қаншалықты заңды. Сонда олар несиені үй-күйі жоқ адамдарға да бере бере ме? – деген жәбірленуші жоғарыда аталған үш банк несиені заңдық нормаларды бұза отырып ресімдеді деп санайтынын жеткізді.
Бір ғана Home Credit банктің өзіне ай сайын 157 мың теңге төлеуі тиіс екен. Банктердің әрқайсысынан 3-4 миллион теңгеден алған зейнеткердің басқа қаржы ұйымдарына қанша қайтаруы керек екенін есептей беріңіз. Зейнеткер ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне де арызданыпты. Ондағылар екінші деңгейлі банктер тарапынан ешқандай құқықбұзушылық болмағанын хабарлаған. Тіпті жәбірленушінің қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) шекті мөлшерден аспайтынын айтыпты. ҚЖК дегеніміз – қарыз алушының барлық өтелмеген несиелері мен қарыздары бойынша төлемдердің оның ай сайынғы кірістеріне арақатынасы.
Банктер не дейді? Отырысқа келген банк өкілдері жәбірленушінің несие алуға өтініш бергенде қосымша табысын жоғары етіп көрсеткенін алға тартады. Мысалы Каспи банкте қосымша табыс көзі деген жерге 168 мың деп көрсетілген.
Халық банк өкілі Азамат Ақановтың айтуынша, клиенттің өтінішімен несиенің пайыздық өсімі тоқтатылыпты. Ешқандай есепшот бұғатталмаған. Мұны басқа қаржы ұйымдары өкілдері де растады. Яғни, жәбірленушіге банк тарапынан қысым жасалып жатқан жоқ. Әзірге.
Тілеужан Жанәбілов жәбірленушіге дропперлердің үстінен азаматтық іс тәртібімен арыздануға болатынын айтып еді, зейнеткер А. бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Оның ойынша, дропперлер сотталған жағдайда қарыз ақшаны қайтара алмайды. Бұл туралы ол алаяқтарға алданып қалғандар бірігіп ашқан чаттан ақпараттаныпты. Аталған чатта азаматтар проблемаларын ортаға салып, заңгерлер кеңес береді екен. А.-ға азаматтық іс ашпауға кеңес беріпті. Ондай жағдайда банкке қатысты іс жабылады-мыс. Құқық қорғау органы өкілдерінің пікірімен келіспеген жәбірленуші қаржы ұйымдарына қатысты өз ұсынысын жеткізді.
– Маған банктің несиемді кешіргені қажет емес. Оның орнына несиені есептен шығарғаны дұрыс болар еді. Өйткені қарызды кешірген жағдайда мен келесіде несие ала алмаймын, – деп түсіндірді өз позициясын зейнеткер.
Алаяқтыққа қатысты іс әлі аяқталған жоқ. Тергеу жұмыстары жалғасуда. Ал азаматтарға әлеуметтік желіде көп көрсетілетін инвестиция туралы жалған жарнамаларға қызықпаңыздар дегіміз келеді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ