Өңірімізде Екібастұз қаласы әкімдігінің, Шідерті және Солнечный кенттері әкімдіктерінің жанынан құрылған кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Комиссиялардың жарты жылдағы жұмысы туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Ағымдағы жылдың алты айында комиссия 21 отырыс өткізіп, 10 жоспарлы және 83 дербес іс қараған. Бұл отырыстардың бәріне прокуратура өкілі қатысқан.
– 12 істе 19 ата-ананың құқықтарын шектеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселелерге қарасты 24 баланың мүддесі қорғалды. Соның ішінде тұрмыс жағдайлары жақсарған 2 отбасыға 3 бала қайта оралды. 21 баланың мүддесіне қатысты 17 ата-ананың үстінен сотқа талап арыз ұсынылды, – дейді комиссия жұмысы туралы қала әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтаева.
Бибігүл Иманғалиқызының айтуынша, жыл басынан бері балаларды қолдау орталығына 12 бала жіберілген. Бүгінгі таңда аталған мекемеде 53 бала тұрып жатыр. Олардың 44-і – тұрақты топтарда, 9-ы – уақытша топтарда.
Отбасында жағдайы жасалмаған, дұрыс күтім көрсетілмеген 4 бүлдіршін сәбилер үйіне жіберілген. Төрт баласы бар отбасы дағдарыс орталығына орналастырылып, асыраушысы жұмыспен қамтылыпты. Тағы бір отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуына ықпал етілді.
Комиссияда, сондай-ақ, кәмелетке толмаған 59 балаға қатысты 51 материал қаралды. Материалдар негізінен балалар мен ересектер арасындағы келіспеушілік, сабақтан қашу, күш көрсетуге қатысты. Соның ішінде топ болып төбелеске қатысқандар да бар. Аталған проблемаларға қатысты балалардың ата-аналарына, заңды өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кәмелетке толмағандардың үйден кетіп қалуы – көпті толғандырған проблемалардың бірі. Мұндайда негізгі себеп ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілік, түсінбеушілік екені белгілі. Биылғы алты айда комиссия үйден кетіп алған 14 балаға қатысты 13 материалды қарады. Аутизм және психологиялық ауытқушылықтары бар балалардың жоғалу фактілері де айына 2-3 рет тіркеліп отыр екен. Осы мәселеге қатысты ойын білдірген қала әкімінің орынбасары Б.Сағынтаева қабылданған шешімдер туралы айтып өтті.
Бірінші қыркүйектен бастап ата-аналардың рұқсатымен аутизм, ақыл-ес ауытқушылығы бар балалардың деректер базасын құру жоспарланды. Оған баланың диагнозы, суреті, мінез-құлық ерекшеліктері, ата-анасының аты-жөні мен байланыс ақпараттары, т.б. мәліметтер жазылады. Деректер базасы төтенше жағдайларда, жоғалған бала өзінің кім екенін, қайда тұратынын түсіндіре алмаған жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жақында ғана аутизм диагнозы қойылған бала жоғалып, сапаржай маңында жалғыз жүрген жерінен табылған. Баланың жылдам табылуына тиісті қызметтерге қоса әлеуметтік желінің де көмегі тигенін айта кету керек. Бибігүл Иманғалиқызы деректер базасының құпия сақталатынын және баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғана пайдаланылатынын ескертті.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия әрбір баланың тағдырына араласып, оларға қолайлы жағдай жасауды қарастырады. Биыл қоныс аударған отбасына қатысты шара қолданып, 3 баланы мектепке орналастырды. Аталған отбасыға киім-кешек, тамақ, кеңсе тауарлары түрінде көмек көрсетілді.
Балаларға қатысты тағы бір проблема – терезеден құлау. Мұндай оқиғалар, әсіресе, жаз мезгілінде көбейіп тұр. Комиссия жуырда бір жағдайды қараған болатын. Кішкентай бала терезеден құлап түсіпті. Әжесі немересінен көз жазып қалыпты. Ал баланың анасы басқа қалада тұрып жатыр екен. Комиссия оны тұрғылықты жеріне шұғыл қайтару керек деген шешім шығарды.
– Өңірде қолайсыз отбасыларды анықтау жұмыстары жүргізілді. Есептік кезеңде әлеуметтік қауіпті жағдайдағы 15 отбасы анықталды. Осы орайда емхана өкілдерін, қорғаншылық және қамқоршылық органдарын, ювеналды полицияны тарта отырып, кешенді жұмыс жүргізілді. Аталған 15 отбасының 13-і қолайсыз тұрмыстық жағдайда тұрып жатқаны расталды. 4 отбасындағы 9 баланың тағдыры комиссия отырысында қаралды. Олардың екеуі сәбилер үйіне жіберіліп, 3-уі мектепке орналастырылды. 2 отбасыға балалардың тұрмыстық-санитарлық жағдайын жақсарту үшін уақыт берілді. Сөз арасында тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтауда үнемі көмек көрсететін ПИК өкілдеріне зор алғысымды білдіргіміз келеді, – деді комиссия төрағасы Б.Сағынтаева.
Төрағаның айтуынша, 27 баланы тәрбиелеп отырған 9 отбасы тұрақты бақылауға алынған. Балалардың заңды өкілдері міндетін дұрыс атқармаған жағдайда, комиссия олардың құқығын шектеу жөнінде сотқа талап арыз жолдайды. Өкінішке қарай, өз қағынан жерініп, жауапкершіліктен жалтарып жүргендер де бар. Шідерті кентіндегі екі балалы әйел екі бүлдіршінінен өз еркімен бас тартып, ата-ана құқықтарын шектеуді оның қатысуынсыз қарастыруды сұрапты. Балақайлар Павлодар қаласындағы сәбилер үйіне жеткізілді. Комиссия төрағасы әлгі әйелдің жауапкершілігі төмен екенін атап өтті.
Отбасына оралған балалардың жағдайы, әлбетте, білім бөлімі мен полицияның бақылауында болады. Олардың ата-аналарымен де жан-жақты жұмыс атқарылады.
Жасөспірімдердің жаздағы қауіпсіздігі тұрақты бақылауда. Осы орайда кенттер мен ауылдарда округ әкімдерінің қатысуымен 3 рет кеңес отырысы өткен. Онда негізінен шомылу маусымындағы қауіпсіздік және жарақаттанудың алдын алу тақырыбы талқыланған. Сондай-ақ, ересектер тарапынан бақылаудың аздығы, балалардың автожолдар мен теміржолдар жанында, құрылыс алаңдарында, қараусыз ғимараттар маңында ойнауы, суқоймаларға баруы, велосипед, скутер, роликтерді қорғаныс құралдарынсыз пайдалануы, сондай-ақ, өткір, улы заттармен ойнауы секілді өзекті мәселелер қозғалды.
– Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия балалардың құқықтарын қорғау, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған жүйелі жұмыстарын жалғастырады. Отбасыларға психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек ұйымдастырылады. Қандай да бір отбасында балаларға қарсы зорлық-зомбылық фактілері болғанын байқаған болсаңыз, 75 63 09, 8 747 975 88 72 (WhatsApp) нөмірлері арқылы Екібастұз қаласы білім бөліміне хабарласыңыз, @bilim_ekibastuz, kdn_ekb парақшаларына жазуға да болады. Барлық өтініштер жедел қарастырылады, – деді сөз соңында Б.Сағынтаева.
Екібастұз өңірінде 6324 бала тәуекел тобындағы отбасыларда өмір сүріп жатыр. 2024 жылы бұл цифр 2 мыңның маңайында болған екен. Қолайсыз отбасылар санының артуы кәмелетке толмағандарға қатысты жұмыстың да күшейтілгенін білдірсе керек.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ