24 шілде күні Екібастұз қаласының коммуникациялар қызметінде тұрғындар арасында ерекше сұранысқа ие болған «Halyk Tumar» мобильді қосымшасына арналған брифинг өтті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев пен қала прокурорының орынбасары Тілеужан Жанәбілов қатысып, жаңа цифрлық сервистің тиімділігі мен жұмыс нәтижелері туралы кеңінен баяндады.
Бүгінде қоғамда жиі көтерілетін мәселелердің бірі – уәкілетті органдардың тұрғындар шағымдарына мерзімінде жауап бермеуі немесе мүлде назар аудармауы. Бұрын азаматтар әлеуметтік желілерге жазып, дабыл қаққанымен, нақты нәтиже шықпай қалатын жағдайлар аз болмаған. Ал енді «Halyk Tumar» қосымшасының көмегімен әр өтініш ресми тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға тікелей жолданады.
Нияз Макраевтың айтуынша, цифрлық жоба – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы байланысты жаңаша деңгейге көтеретін тиімді құрал.
– Қосымша арқылы әр азамат өзінің мәселесін, ұсынысын немесе шағымын нақты фото, видео және қысқаша сипаттама жазу арқылы жібере алады. Бұл өтініштер автоматты түрде тіркеліп, тиісті бөлімдерге бағытталады, – деді мәслихат төрағасы.
«Halyk Tumar» қосымшасы 2024 жылдың мамыр айында іске қосылған. Қолдану тәртібі қарапайым, кез келген азамат Google Play немесе App Store арқылы қосымшаны смартфонына жүктеп, тіркеуден өтеді. Содан кейін абаттандыру, көше жарығының істен шығуы, құқық бұзушылықтар, қоғамдық тәртіп, тазалық, жол жөндеу, коммуналдық қызметтер немесе басқа да өзекті мәселелер бойынша өтініш жолдай алады. Мұндай хабарламалар фото немесе видеомен бірге қабылданып, уәкілетті органға нақты уақыт режимінде жеткізіледі.
Өтінішті аты-жөніңізді көрсетіп немесе анонимді түрде де жолдау мүмкіндігі қарастырылған.
Қала прокурорының орынбасары Тілеужан Жанәбіловтің айтуынша, қосымша іске қосылғалы бері 2929 адам тіркеліп, жүйе арқылы барлығы 161 өтініш жолданған. Оның ішінде 134 өтініш орындалып, тиісті нәтиже берсе, 17-сі қаралу үстінде. Тағы 5 өтініш тексеру сатысында, ал 5-еуі бойынша жұмыстар әлі басталмаған.
Өтініштердің басым бөлігі құқық қорғау және коммуналдық сала мәселелеріне қатысты. Мәселен, Екібастұз қалалық полиция басқармасына 105 өтініш келіп түссе, оның 89-ына нақты жауап берілген;
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 50 өтініш жолданып, 41-і бойынша тиісті жұмыстар атқарылған;
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 4 өтініш түсіп, оның 3-еуі орындалған;
Мемлекеттік кірістер, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдеріне өтініштер түсіп, біреуі шешімін тапқан.
Бұл көрсеткіштер тұрғындардың цифрлық белсенділігінің артқанын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, «Halyk Tumar» – өтініштер қабылдап, есептілік пен ашықтық принципін де жүзеге асыратын жүйе. Әрбір өтініш белгіленген мерзім ішінде қаралып, орындалу нәтижесі жайлы хабарланады.
Айта кетерлігі, жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы жұмсалмаған. Қосымша толығымен демеушілердің қолдауымен іске асқан. Қалалық мәслихат қосымша жұмысын тұрақты түрде бақылап отырады. Ал орындалған өтініштерге қатысты фото және бейнематериалдар Екібастұз қалалық мәслихатының
@ekbmaslihat инстаграм парақшасында тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Ділназ Серікбай