30 шілде күні Екібастұз қаласында көпсалалы «Family» медициналық орталығының жаңа бөлімшесі – «Family plus» өз жұмысын бастады. Қызмет аясын кеңейткен, заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған орталық тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсынбақшы. Салтанатты ашылу рәсімінде жаңа нысанның лентасын қала әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтаева мен еңбек ардагері Әди Әлкебаев қиды.
«Family» медициналық орталығы алғаш рет 2020 жылы өз жұмысын бастаған болатын. Жыл өткен сайын орталықтың ауқымы кеңейіп, инфрақұрылымы дамып келеді. Алғашқы корпус 2020 жылы пайдалануға беріліп, 150 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік берсе, 2021 жылы екінші нысан іске қосылды. Ал қазіргі ашылып отырған үшінші ғимарат – «Family plus» – қызмет түрі мен көлемі жағынан ең ауқымды бөлімше болып отыр. Ол Екібастұз қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 88Б мекенжайында орналасқан. Мұнда жылына 200 мыңға дейін қабылдау жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
– Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету. Жаңа ғимаратты іске қосу арқылы біз көрсетілетін қызмет көлемін арттырып, сырқат адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер жасадық, – дейді орталық директоры Ерлан Ержанов.
Қазіргі таңда орталықта 33 дәрігер, 25 мейірбике және 4 кіші медицина қызметкері еңбек етеді. Барлығы өз саласының білікті мамандары. Соның нәтижесінде, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында орталықта 684 пациентке терапевтік көмек көрсетіліп, 223 хирургиялық операция жасалған. Сонымен қатар, балалар мен жүкті әйелдерге 8927 стоматологиялық қызмет ұсынылып, жалпы саны 33 446 медициналық қызмет көрсетілген.
Стоматология бөлімі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жұмыс істейді. Мұнда анестезиямен ем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мақсатта қауіпсіз әрі тиімді «Севоран» препараты пайдаланылады.
Эндоскопиялық кабинетте төрт тәжірибелі дәрігер жұмыс істейді. Кейбір күрделі жағдайларда Павлодар облыстық онкодиспансерінің мамандары шақырылады. Барлық диагностикалық процедуралар ауырсынусыз, пациенттің жағдайын ескере отырып жүргізіледі.
Мекемедегі физиотерапиялық бөлімде магнитотерапия, диадинамикалық токтар, амплипульс және электрофорез секілді ем-шаралар ұсынылады. Сонымен қатар, плазмаферез, плазмолифтинг, аллергияға қарсы АСИТ-терапия, еңбекке қабілетті азаматтарға арналған профилактикалық тексерулер де жүргізіледі. Варикозды емдеудің ЭВЛК әдісі, геморрой және жарақаттарға қатысты амбулаториялық операциялар да осы жерде жасалады.
Барлық ем-шаралар күндізгі стационар жағдайында жүргізіледі. Бұл тиімді әрі ыңғайлы формат. Пациенттер кешке үйіне оралады. Бұл сырқатқа психологиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан оң әсер береді.
— Әрбір күрделі жағдай жеке қаралады. Барлық алынған биоматериалдар Павлодар облыстық онкодиспансеріне жолданып, гистологиялық зерттеуден өтеді, – дейді Ерлан Кенжебайұлы.
«Family plus» орталығы демалыссыз жұмыс істейді.
Ділназ Серікбай