«Қайнар» ББК-де мүгедектігі бар адамдардың қолжетімді ортасы, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғалуы және инклюзияның өзекті проблемалары жөнінде дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге қала әкімінің орынбасары, сондай-ақ, дербес бөлімдерден, емханалардан, мемлекеттік кірістер басқармасынан, кәсіпкерлік палатасынан өкілдер қатысты. Мүгедектігі бар адамдардың ақпараттандыру дейгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл отырыс оларды дербестікке, белсенділікке шақырды.
Екібастұз өңірінде 150 мыңнан аса халық тұрады. Олардың 5 мыңнан астамының мүгедектігі бар екен. Отырыста олар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеді.
– Бүгінгі кездесуімізді диалог форматында өткіземіз. Жедел әрекет ету және проблемаларды бірлесе отырып шешу үшін сіздерден белсенділік танытуды сұраймыз. Әлеуметтік және оңалту қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің қолжетімділігінде, инклюзивті білім беруде проблемалар болса, бөлісе отырыңыздар, – деп сөз бастады отырысты ашқан қала әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтаева.
Ең алдымен мемлекеттік органдар әлеуметтік жеңілдіктер туралы қысқаша ақпарат берді. Соның ішінде ғимараттардың мүгедектігі бар адамдар үшін жайлы болуы, қалаішілік қоғамдық көліктердің ыңғайлылығы, салық органдарындағы жеңілдіктер жөнінде ақпараттарды жиналғандар ықыластана тыңдады.
ТКШ маманы Махаббат Қайырованың айтуынша, қоғамдық көліктерде 8 бағытта қызмет көрсететін 42 автобустың бәрінде пандус қарастырылған. Дегенмен, жиналғандар пандустардың үнемі жұмыс істеп тұратынына күмән келтірді.
– Автопарктен шығарда автобустың пандусы жұмыс істеп тұрғанын кім тексереді? Таңертең жұмысқа не емханаға, т.б. баратын мүгедектігі бар адамдар үшін автобусқа мініп-түсу көп қиындық туғызады, – деген қатысушының сөзіне жауап ретінде проблема туындаған кезде ТКШ бөліміне хабарласуға кеңес берілді.
Күзде қоғамдық көлікте тегін жүруге қатысты бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Мемлекеттік кірістер басқармасы маманы Айгүл Жұмабекова мүгедектігі бар адамдарға арналған салықтық жеңілдіктер туралы әңгімеледі. Мүгедектігі бар адамдар кейбір салық түрлерінен босатылған. Соның ішінде жеке мүлік, жер салықтары бар. Кейбір жағдайларда олар салық төлеуден ішінара босатылады.
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық маманы Елена Крайсман мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақы түрлерімен таныстырды.
Ақпараттандырудан соң қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Сұрақтардың көбі медициналық қызмет сапасына байланысты. Ағымдағы жылдың жартысы өтіп кетсе де, әлі күнге дейін дәрі ала алмай жүргендер бар екен.
Мүгедектігі бар адамдар үшін тағы бір мәселе – дәрігерлердің орнында болмауы. Емханаларда дәрігер жетіспейтіні өз алдына, қажет кезде дәрігердің орнын сипап қаласыз. Емханаға барғанда еститіні – «дәрігер еңбек демалысында» немесе «науқастанып қалған». Бұл әсіресе мүгедектікті растайтын комиссиядан өту кезінде қиындық туғызуда.
Жиналғандарды компьютерлік сауаттандыру курстары, тегін заңгер кеңесін алу, жұмысқа орналасу мәселелері де толғандырады. Бибігүл Иманғалиқызы жұмысқа орналасу не бизнеспен айналсу мәселесіне қатысты мансап орталығына жолығуға кеңес берді. Ал тегін заңгер көмегіне келсек, мұндай маман бұрыннан бар екен. Заңгер Дәуренбек Абдрахманов 8 778 830 8614 нөмірі арқылы немесе Б.Момышұлы, 40 мекенжайында мүгедектігі бар адамдарға тегін заңгерлік кеңес береді.
Қоғам белсендісі А.Күртебаева мүгедектігі бар адамдарға бос уақытын өткізетін орын керегін жеткізді.
– Олар қоғамның тең құқылы мүшелері. Қазіргі уақытта олардың өздерін дамытатын, қызығушылығы бір, мүдделес адамдармен жиналатын жері жоқ. Сондықтан уақытты өткізетін орын бөлінсе жақсы болады еді, – деген сөзі жиналғандар тарапынан қолдау тапты.
Мүгедек арбасына таңылғанына 6 жыл болған зейнеткер сирек кездесетін генетикалық аурумен ауыратынын айтып, тегін санаториялық ем ала алмай жүргеніне қынжылыс білдірді. Өзі көп жыл бойы дәрігер болған зейнеткер кейінгі жылдардағы медициналық қызмет сапасына көңілі көншімейтінін айтты.
– Жетілмеген остеогенез – сирек кездесетін генетикалық ауру. Мұндай дерті бар адамдардың сүйектері сәл нәрседен, тіпті қатты жөтелсе де сынады. Соған қарамастан әлі де І топтағы мүгедектікке шығармады. Тегін дәрі де ала алмадым, – деп мұң шақты кейуана.
Бұдан басқа да жеке проблемаларымен келгендер кездесуден соң қажетті мамандардан ақыл-кеңес алды. Олардың мәселелері жуық арада қарастырылатын болады. Жиналғандар осындай кездесулер жиі болса деген тілегін білдірді.
Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары Бибігүл Сағынтаева қойылған сұрақтар мен көтерілген проблемаларды бақылауда ұстауды ескертті. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың арасында олардың құқықтарын қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізуді тапсырды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ