Қазақ руханиятының дара дауысы, суырып салма өнерінің хас шебері, ақын-сазгер, драматург, әнші Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толып отыр.
25 шілде күні Ертіс ауданының орталығы – Ертіс кентінде осы айтулы оқиға тойланды. Тойшыл қауым әуелі Мәдениет үйі қасында орнатылған Иса ақын мүсіні түбіне жиналды.
Иса Байзақов – қазақ халқының мақтанышы. Оның шығармалары – ұлтымыздың мәңгілік рухани мұрасы. Ақын «Құралай сұлу», «Алтай», «Ақбөпе» сияқты эпикалық дастандарымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол қазақ әдебиетінде лирика мен эпиканы, ән мен сахнаны ұштастырған ұлы дарын, – деп той иесінің талантына баға беріліп, содан соң Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов, ақын ұрпақтары бастаған жұртшылық ескерткішке гүл шоқтарын қоюға кірісті.
Аталмыш рәсім аяқталғаннан кейін той қонақтары Мәдениет үйіне беттеді. Онда «Байзақов биігі», «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» және «Дауылпаз» атты кітаптардың тұсаукесері жасалды. Айтпақшы, бір күн бұрын ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, Иса Байзақовтың шығармашылығы жайлы пікірлер кеңінен айтылған екен. Баспадан енді шыққан үш кітаптың тұсаукесері сол жиынның жалғасы іспеттес болды. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы – Ертіс ауданының тумасы Асланбек Мерғалиевтың құттықтау хаты оқылған соң, мінберге Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова көтерілді. Айзада Аманкелдіқызы әуелі министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып беріп, ары қарай өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ құттықтау хаттарын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, халық жазушысы Олжас Сүлейменов, Ертіс ауданына әйгілі Қанапияновтар әулеті де жолдаған екен.
Жыр дүлдүлі Иса ақын:
Қарашы домбыраның еркесіне,
Исаның шығып алды желкесіне.
Домбыра екі шекті, тоғыз перне,
Арқаның кез болдым ғой серкесіне, –
деп ұлттық аспабымызды әспеттей жырлапты. Әнші-ақын замандастарын ілестіріп қазақ даласын шарлағанда Ақкөл – Жайылма өңірінде де бірнеше мәрте болған. Сондай сапардың бірінде қаражарлық әнші Мүфти Ахметов Иса ақынға домбырасын сыйлапты. Сол домбыра бүгінгі күні Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр. Дауылпаз ақынның 125 жылдық тойына сол жәдігер домбыраның көшірмесі жасалып, Мәдениет үйіне табысталды. Тойға орай «Дауылпаз» поэмасын жазған жас ақын Мизан Жұмаәлі көшірме домбыраны ұстап, Иса ақынның атақты «Желдірмесінің» әуеніне салып, «Бабамның домбырасын қолыма алдым, Басыма қонғаны ма мынау бақыт» деп шумақ-шумақ жыр төкті.
Иса Байзақов – тек өткеннің ғана емес, бүгінгі және болашақ ұрпақтың да шамшырағы. Ақынның артында қалдырған мұрасы – елге, жерге деген сүйіспеншіліктің, адалдықтың, шындықтың символы. Дауылпаз ақынның шығармашылығына ХХ ғасырда өмір сүрген ұлтымыздың біртуар перзенттері де жоғары баға берген. Жазушы Сәбит Мұқанов: «Иса – қазақтың әнін, күйін, жырын бүкіл жүрегімен жырлаған, халықтың рухын тірілткен дара талант», – десе, ақын Сәкен Сейфуллин: «Иса – поэзия сахнасында оттай жарқ етіп шыққан жұлдыз. Оның сөз саптауы, әуені мен екпіні өзгеше», – деген екен.
Арнау жыр айтылған соң кітаптардың тұсаукесері жасалды. «Байзақов биігі» кітабының авторлары – жазушы Серік Елікбай мен ғалым Бақытгүл Қаппасоваға, «Халықтың қасиетін жанымен ұққан» кітабының авторы Тұрсын қажы Әділханқызына құрмет көрсетілді.
Айтпақшы, Тұрсын қажы Әділханқызы құрастырған кітапта Иса ақын туралы естеліктер мен шағын зерттеулер топтастырылған екен. Кітаптың 7-бетінде: «Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап Ертіс өңірінде Иса Байзақовтың өмірі мен шығармашылығын алғаш рет зерттеп, ел аузынан жинақтап, естелік жазып, жарыққа шығарғандардың бірі – ұлағатты ұстаз, ақын Қабек Сағитов болды» делінсе, осы ой 8-бетте: «Қабек Сағитов бастаған игі істі қолдап, қолға алып осы бағытта зор ғылыми еңбек жасаған Мүбарак Жаманбалинов болса, кейін лек-легімен Ертіс өңірінде исатанушылар шықты. Олардың ішінде Үлгілі ауылының тумалары: академик Амангелді Құсайынов, академик Қабдылғалым Қаржасов, жазушы Ғалымбек Жұматов, «Халық ағарту ісінің озаты» Күләш Әбиева, журналист-жазушы Ғалия Балтабаева болды» деп түйінделеді.
Жаңа кітаптарды баспадан шығаруға қаражат қажет екені белгілі. Осы орайда аймақ басшысы Асайын Байханов қолдау жасап, демеушілер табылғаны да сөз арасында айтылды.
Аудандық мәдениет үйіндегі іс-шарадан кейін көпшілік елді мекен сыртындағы жазыққа қондырылған этноауылға жылжыды. Ақбоз киіз үйлердің сән-салтанаты маңайға көрік беріп тұр. Естуімізше, 100 киіз үй тігілген екен. Иса ақын тойына екібастұздықтар да артынып-тартынып барып, 8 киіз үй тігіп, той қонақтарын күтісті.
Этноауылды аралап шығып, бір желпініп алған үлкен-кіші тойдың салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов сахнаға көтеріліп, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып, Иса ақынның есімін ұлықтаудың мәні мен маңызы туралы сөз қозғады.
Келесі кезекте сөз ақын немересі Құралай Байзақоваға берілді. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ профессоры Құралай Ертісқызы туған жері – Ертіс өңірінде ақын атасының аты дәріптеліп, әдеби мұрасы насихатталып жатқанына ризашылық білдірді.
Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Иса ақынның «Желдірмесін» құйқылжытып орындаған соң кезек аламан айтысқа келіп жетті.
Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, халықаралық айтыстың І кезеңі бір күн бұрын Мідениет үйінде өтіп, 12 ақын жырдан нөсер төккен екен. Алты жұптың жеңімпаздары айтыстың ІІ кезеңінде сөз қағыстырды. Айтысты жүргізген арқалы ақын Аманжол Әлтаевтың кіріспе сөзінен кейін сахнаға Рауан Қайдаров пен Моңғолиядан келген қонақ ақын Қабдолла Бейісхан ортаға шықты.
Екі ақын да Сарыарқаның сақи даласын жырға бөлеп, бейнелі өлеңнен кесте тоқыды. «Ертістің даласында өскен балаң, Ертістің жағасында бір көсілсін», «Ата мұра айтысты көпір қылып, Атажұртқа айтысқа келіп тұрмын» деп сөз бастаған Рауан ақын бұдан әрі Исаның кісілік келбетін жырға қосып, «Дүниеден өткенше дүлдүл бабам, Дүниені жүрегіне кіргізбеген» деп өмірге таза келіп, таза кеткен ақыннан үлгі алуға үндеді. Шет жерден жырын ала келген Қабдолла Бейісхан: «Үріккен ел үйіріне қайтса егер, Үркердің үрпісінен сүт тамады» деп елге ел қосылса құт боларын айтып, «Байзақтың байтақ елі амансың ба, Бақыттың байрағында желбіреген» деп сөзін түйіндеді.
Бұдан кейін қырғыз ақыны Серік Қуанған мен Батыс Қазақстан облысы ақыны Талғат Мықи айтысып, соңғы жұпта Аспанбек Шұғатаев пен Дидар Қами айтыстың көрігін қыздырды.
Ақындар айтысына ақын Ғалым Жайлыбай төрағалық етіп, қазылар құрамында Жанарбек Әшімжан, Құдайберлі Мырзабеков, Серік Құсанбаев, Жарқынбек Амантай болды. Жүлделі орындар былайша бөлінді: бас жүлде – жеңіл көлік Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. І орын – Дидар Қамиға, ІІ орын – Рауан Қайдарға, ІІІ орын Серік Қуанған, Асылбек Мұратов, Талғат Мықи, Қабдолла Бейісханға беріліп, қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Думанды тойдың шырайын қазақ эстрадасы жұлдыздары – Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева кіргізіп, Ертіс аспанын әнмен тербеді.
Иса ақын тойында ұлттық спорт ойындары да қалың жұрттың қызығушылығын туғызды. Көкпарда 8 команда шеберлік таластырды. Үшінші орын үшін болған ойында Ертіс ауданы командасы Май ауданы командасын 3:2 есебімен ұтты. Финалда Ақкөл ауылының көкпаршылары баянауылдық көкпаршылардан 6:2 есебімен басым түсіп, жүлдеге 2 миллион теңге алды. Екінші орынға – 1500 мың теңге, үшінші және төртінші орындарға 750 мың теңге жүлде берілді.
Қазақ күресінде палуандар 90 кило салмақта және одан ауыр салмақта күш сынасты. Еліміздің бірқатар облыстары мен қалаларынан атақты палуандар бас қосқан жарыс өте тартысты өтті. 90 кило салмақта екібастұздық Арман Махамбетов ІІІ орын иеленіп, өзінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ат бәйгесі десе елең ете қалатын қауым ат жарысты тамашалап, делебесі қозды. Аламан бәйге мен топ бәйгенің бас жүлдесіне жеңіл көліктер тігілгенін айта кету ләзім.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Исамен бір дәуірде өмір сүргенімді мақтаныш етемін» деген екен. Халқымыздың біртуар перзенті соңында эпикалық поэмалар ғана емес, лирикалық әндер де қалдырған. «Гауһартас», «Қалқа», «Желдірме» әндері шоқтығы биік музыкалық туындылар болып саналады. Иса ақынның мол мұрасы 125 жылдық дүбірлі тойында толығымен көрініс тапты.
Жалпы, мұндай тойлар халықты бірлікке жұмылдырып, асыл перзенттерін қадірлей білуге үндейді. Ертістің Павлодар өңірі болып тойлаған тойға екібастұздықтар да ат салысып, Иса ақынға құрметтерін білдірді. Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Рауан Жантелеевтің ұйымдастырумен қадірменді қариялар мен азаматтар той қызығын тамашалауға мүмкіндік алды. Киіз үй ішіндегі дастархан басында жасы тоқсанға таяп қалған Амангелді ақсақал әкесі Балабек ақынның заманында Иса ақынға серік болып, қасында жүріп ән шырқағанын әңгімелеп, өзі де қолына домбыра ұстап ән айтып көңілімізді жадыратты.
Айтпақшы, Иса Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасына арқау болған оқиғалар Ақкөл-Жайылма өңірінде өрбігенін көкірегі ояу оқырман білуі тиіс. Қазақтың тарихы да, әдебиеті мен өнері де, ұрпақ сабақтастығы сияқты, бір-бірімен сабақтас. Сондықтан да болар, Иса ақын тойы – барша қазақтың тойы екенін жүрегімізбен ұғынып, көңіліміз өсіп қайттық.
Ж. Сәдуақас

