Қазақтың қара домбырасын серік еткен, халықтың өнері мен руханиятын ауыл-аймаққа кеңінен насихаттап жүрген «Өнер керуені» жобасы жалғасын табуда. Бұл жолы «Атамұра» мәдениет орталығының шығармашылық ұжымы Тереңкөл ауданына қарасты Қызылтаң ауылына табан тіреді.
Шілденің 17-сі күні ауылдық мәдениет үйінің сахнасында өткен кештің басты қонақтары – «Кәусар» әжелер ансамблі мен орталық жанынан құрылған «Арна» вокалдық тобы болды.
Кеш шымылдығы тебіреніске толы, акапелла түрінде орындалған «Туған ел» әнімен ашылып, залға жылы әсер сыйлады. Артынша «Ана туралы жыр», «Аққұм», «Куә бол» сияқты ел арасында кеңінен таралған әндер жаңғырып, көрермен ықыласпен қабылдады.
2008 жылдан бері ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеп келе жатқан «Кәусар» әжелер
ансамблі – бүгінде облыстық, республикалық деңгейде танылып үлгерген ұжым. Олар ұлттың ұмыт бола бастаған тағамдарын, қолөнері мен салт-дәстүрін кейінгі буынға таныстырып, мәдени сабақтастықтың сақталуына үлкен үлес қосып жүр. Бұл кеште де ансамбль мүшелері әр әнмен сахналық қойылым арқылы көрерменге қазақы болмыстың бояуын таныта білді.
Бағдарлама барысында «Арна» вокалдық тобы «Думанды елім», «Таңғажайып өмір», «Гәкку» секілді әндерді орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Топтың вокалдық үйлесімділігі мен сахна мәдениеті кәсіби деңгейде көрінді.
Сол күні сахнада Тереңкөл аудандық мәдениет үйінің «Ақ баян» халықтық ансамблі де өнер көрсетті. Ардақ Аусарова жетекшілік ететін ұжым әріптестерінің бастамасына қолдау білдіріп, концерт аясында өз өнерлерін ортаға салды. Сөйтіп, екі ұжым арасындағы шығармашылық ынтымақ пен кәсіби қолдау көрініс тапты.
Кештің көркін аша түскен жекелеген орындаушылар да болды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Гүлмира Алданова жеке орындауда бірнеше ән айтып, көрермен қошеметіне бөленді. Сондай-ақ Сауле Бердіғалым орындаған терме мен Күмісхан Сағындықтың әні де көпшіліктің ықыласына ие болды.
Ұжымның үйлесімді жұмыс істеуіне, ел ішіндегі өнерпаздарды ұйыстырып, жастарды өнерге баулуға үлес қосып жүрген жандардың еңбегі де айрықша. Ансамбль жетекшісі Қазынагүл Алпысбаева Қоянды ауылдық клубында «Шабыт» көркемсөз және «Алтын оймақ» қолөнер үйірмелерін қатар жүргізіп келеді. Бұл үйірмелердің шәкірттері бүгінде түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Кештің соңғы бөлігінде «Кәусар» ансамблі мен «Арна» тобы бірігіп «Туған жер өзің дегенде» әнін орындап, концертті әсерлі нотада қорытындылады. Сахнаға көтерілген «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева ауыл тұрғындарына алғыс айтып, «Өнер керуені» жобасы жайлы түсінік берді. Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – халқымыздың асыл мұрасын, әні мен күйін, дәстүрі мен мәдениетін шалғай ауылдарға жеткізіп, рухани байланысты күшейту.
Кеш соңында ауыл ақсақалдары өнерпаздарға батасын беріп, «Атадан балаға аманат болған ұлттық өнердің жолы ашық болсын» деген ақжарма тілектерін жеткізді.
Ділназ Серікбай