Екібастұз қаласында ағымдағы жылы 4500-ден аса жүргізуші жол жүру ережесін бұзған. Олардың 104-і көлікті мас күйінде тізгіндемек болған. Ал 1795 жүргізуші жылдамдық режимін асырыпты. Қауіпсіздік белдігін тақпау да жолда жүру ережесін бұзуға жатады. Жыл басынан бері осындай 691 факті анықталған. 240 жүргізуші бағдаршамның тыйым салған сигналына назар аудармаса, 63-і апаттық жағдай туғызған. Жол тәртібін сақтамаған 49 жүргізуші қарсы жолаққа шығып кеткен.
Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов жолда жүру ережесін бұзғандардың көлігі айып тұрағына қойылатынын ескертті.
– Бір тәулік ішінде қалада үш автокөлік жүргізушісі мас күйде ұсталды. Полиция қызметкерлері Энергетиктер көшесінен ВАЗ 21144 көлігін, Қонаев-Бұқар жырау көшелерінің қиылысынан Daewoo Nexia көлігін, Әуезов көшесінен Chevrolet Cobalt көлігін дер кезінде тоқтатты. Мас күйінде көлік жүргізушілер өздері үшін ғана емес, айналасындағылар үшін де қауіпті. Жүргізушілердің алкоголь тұтынғаны сараптама арқылы дәлелденді. Іс сотта қаралып, олардың әрқайсысына 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу немесе 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазалары қолданылды, – деді бұл туралы Төлеген Айдарханұлы.
Жол-көлік оқиғаларына кейде жолдың жағдайы себеп болады. Өңірдегі жолдардың сапасын тексере келе, полиция жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін ақауларды анықтаған. Осы уақытқа дейін ақаулы участоктердегі келеңсіздіктерді жоюға 42 нұсқама беріліпті. Осының негізінде жолдарды күтіп ұстауға жауапты 36 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері осындай 65 тексеру жүргізіліпті.
Кенже ҚУАТ