Екібастұз қалалық сотында брифинг өтті. Брифингте ағымдағы жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.
2025 жылдың І жартыжылдығында Екібастұз қалалық соты 3785 іс қараған. Олардың 2294-і – азаматтық, 111-і – қылмыстық істер. Қалған 1380-і – әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты.
– Есептік кезеңде 2294 азаматтық іс аяқталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 515 іске артық. 1268 іске сот шешімі шығарылып, бұйрық өндірісі тәртібімен 327 бұйрық шығарылды. Сондай-ақ, 460 іс жеңілдетілген сот өндірісі тәртібінде қаралды, бұл былтырғымен салыстырғанда 227 іске артық, – деді қалалық сот төрағасы Руслан Сәрсен.
Сотқа келіп түскен 295 арыз (2024 жылы – 257 ұйғарым) қараусыз қалдырылған. 389 іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Олардың 372-сі медиациялық жолмен шешімін тапса, 2 жағдайда тараптар екеуара бітімге келген. Тағы бір іс арызданушының өз талап-арызынан бас тартуы себебінен тоқтатылған.
Атап өтерлік жай, І жартыжылдықта түскен арыздардың жалпы санынан 82,5 пайызы (2520 арыз) «Сот кабинеті» арқылы келіпті. Соның ішінде «Төрелік» АЖ арқылы – 21, Бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі (БЭҚАЖ) арқылы 32 арыз түскен. Бұл тұрғындардың электронды қызметтерді тиімді пайдаланып жүргенін көрсетеді.
Алты айда, сондай-ақ, мемлекеттік тілде жүргізілген азаматтық істер саны – 224-ке жеткен. Былтыр олардың саны екі есеге жуық аз болатын.
2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 578 іс аяқталмаған деп табылды, 4 жеке ұйғарым шығарылды.
Жартыжылдық қорытындысында сот өндірісінде қаралған азаматтық істердің азайғанын көруге болады. Бұл татуластыру, бітімгершілік рәсімдерінің кеңінен қолданыла бастағанының айқын белгісі.
Қылмыстық істерге келсек, жыл басынан бері 341 іс пен материал қаралған. 111 іске қатысты үкім шығарылды. 230 материал қаралды.
6 айда 126 тұлғаға қатысты 112 қылмыстық іс түскен екен. 50 тұлға қатысқан 44 іс ауыр қылмыстар қатарына жатқызылса, 28 тұлға қатысқан 22 іс орташа ауырлықтағы қылмыс деп табылған. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш жоғары.
Жартыжылдық қорытындысында 103 тұлғаға қатысты үкім шығып, 36 адам бас бостандығынан айрылды. Жеңіл қылмыс жасаған 16 адамның 5-уі сотталған.
Сот төрағасы жеңіл қылмыс жасаған 2 жазасын өтеуші рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққанын айтты.
– Жалпы рақымшылық алуға 120 материал келіп түсті. Олардың бәрі кезекпен қаралуда, – деді бұл туралы Руслан Төлеубайұлы.
Әкімшілік істерге келсек, 6 айда қалалық сотқа 1423 іс түсіпті. Олардың 1380-і қаралып, 1208-іне әкімшілік жаза қолданылған. 519 адамға айыппұл салынып, 574 адам қамауға алынған. 64 іс құқықбұзушыға ескерту жасаумен аяқталған. 9 адамды Қазақстан аумағынан шығаруға шешім шығарылыпты.
Жыл басынан бері алаяқтық элементтері бар 87 шағым азаматтық тәртіпте қаралыпты. Олардың бәрінде іс оң шешіліпті. Әйтсе де, Р.Сәрсен азаматтарды интернет-алаяқтықтан абай болуға шақырады.
Келесі кезекте ауданаралық әкімшілік сот төрағасының міндетін атқарушы Ұлдай Шуренова азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру процесі жөнінде әңгімеледі. Ұлдай Марленқызының айтуынша, 2025 жылдың 5 айында осы мәселеге қатысты 101 іс қаралған екен. Соның 20 қанағаттандырылып, шешім шығыпты.
– Жеке тұлғалардан келген 142 арыз-шағым медиативтік тәртіпте шешілді. Азаматтар негізінен тұрғын үй, жер, зейнетақы мәселелері бойынша жеке және мемлекеттік ұйымдарға қатысты шағымданады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, сәулет, қала салу және құрылыс бөлімдері, салық органдары көрсететін мемлекеттік қызмет сапасына көңілі толмай, шағымданушылар да бар, – деді Ұ.Шуренова.
Гүлсана Медеубай