Осыдан он жыл бұрын, Ақкөл ауылының 80 жылдығына орай «Әкеге хат» атты кітабым баспадан жарық
көрген-ді. Сол кітаптың ішіне «Таяғы құтты қойшы» атты мақалам енген-ді. Мақалада жылқышы, шопан
Махмет Төрегелдиннің отбасы «Ақкөл» кеңшарының №3 фермасы – Жақсатты қоныс етіп, сол алақандай ауылда өсіп-өнгені, жұбайы Алтын Рахметқызы екеуінің 8 перзент сүйіп, бәрін ер жеткізгені жайлы жазылған еді. Отбасындағы ұлдар: Даниял, Сансызбай, Мырзабай – механизатор, Төлеген мен Жексенбай шопыр болып маңдай терін төгіп, Төрегелдиндер әулетінің атын әйгілегені де айтылған болатын. Бүгінгі әңгіме бес ұлдың бірі – Сансызбай Төрегелдин жайлы.
Сонау 1980-ші жылдары біздің ауылда тіршілік қыз-қыз қайнап жатушы еді. Күнұзақ жұмыс істеп қалжырап жүрсе де, атаулы мерекелерде адамдар бас қосып, көңіл сергітуді дәстүр еткені аға буынның есінде болар. Біразы мектепте бірге оқыған, кейін араларынан қыл өтпестей дос-жаран болып кеткен 5-6 отбасының аражігі ажырамай сыйласып жүргенін апа-жездемнің үйінде қонақта көріп тәнті болған едім. Бойы ұзын, дене бітімі тарамыс Сансызбай аға мен қараторының әдемісі Айтжамал апайды жақынырақ білуім де сол кезден басталған-ды.
Айтпақшы, ауыл адамдары Сансызбай ағаны «Құнти» деп атайды екен. Соның мәнісін сұрағанымда Айтжамал апай: «Енем Алтыннан естігенім, ол бала күнінде әлжуаз болған екен. Бойын тік ұстамай, құнысып жүріпті. Содан Құнти аталып кетіпті», – деген еді.
Біз сөз етіп отырған жылдары қыс ішінде ауылға қар қалың түседі. Шеткі көшелердегі үйлердің аулаларын ақтүтек бораннан соң тазалап алу – машақат. Сондай қысылтаяң шақта бульдозерде істейтін Сансызбай аға көмекке келеді. Бір тал темекіні езуіне қыстырып алып, ара-арасында қуекештеніп әзіл айтып, еш ренжіместен үйлерді қар құрсауынан аршып береді.
Әңгімені есімізде еміс-еміс қалған осындай естеліктерден бастадық қой, енді кейіпкеріміздің өмірі мен еңбек жолы жайлы баяндайық.
Сансызбай Төрегелдин 1952 жылы 3 қарашада Шұбарқұлында өмірге келіпті. Әкесі Махмет ол кезде сол жақта жылқы баққан екен. Бала күнін №3 ферма – Жақсатта өткізген Сансызбай 1970 жылы Ақкөл орта мектебінде 8-класты аяқтап, оқудан қол үзіп, көп ұзамай әскери борышын өтеуге аттанады. Екі жыл жүріп ауылға оралған соң механизатор болады. Бөлімшенің пішеншілер бригадасында еңбек етіп, қоғамдық малға азық дайындайды. Еселі еңбегі еленіп, 1978 жылы кеңшар кәсіподағы оған тегін жолдама беріп, Мәскеу, Ленинград, Киев, Минск, Брест, Витебск, Белгород, Харьков қалаларын аралап, ел көріп, жер көріп қайтады.
– Сансызбай екеуіміз мектепте бір класта оқыған едік. Көңіліміз жарасып, 1973 жылы отбасын құрып, әуелгіде Жақсатта тұрдық. 1981 жылы Ақкөлге көштік. Отағасы қысы-жазы дамыл таппай еңбектенді. Көктемде жер жыртты, күзде комбайн штурвалына отырып егін орды. Ол заманда ер азаматтардың бәрі еңбекқор болды емес пе, – дейді Айтжамал апай әңгімесінде.
Отағасы туралы айтқан соң, отанасы жайлы да сөз қозғайық. Айтжамал Оқасованың да «Ақкөл» кеңшарына сіңірген еңбегі елеулі. Құрылыс учаскесінде қойма меңгерушісі, қырманда таразышы болып жұмыс істеп, әрдайым өз міндетіне жауапкершілікпен қарай білді.
– Айтпақшы, екі-үш жыл ауыл клубының меңгерушісі де болдым. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Ержан Сағынтаев шақырып алып: «Айтжамал, ширақсың ғой. Клуб тозып тұр. Құрылыс учаскесінде көз қанықтырғаның бар, жөндеу жұмыстарын атқару қолыңнан келеді», – деп көндірді. Сөйтіп, 1985 жылы «Ақкөл» кеңшарының 50 жылдығына ауыл клубын жарқыратып қою маған жүктелді, – дейді Айтжамал апай өткен шаққа ой жүгіртіп.
Бір айта кететін жайт, Айтжамал апай өнерге жат адам емес. Мектепте оқып жүргенде ауыл клубында қойылған «Намыс гвардиясы» спектаклінде неміс офицерінің рөлін ойнап, қабілетімен ауылдастарын таңдандырған-ды.
Ақкөлдегі әр күнін бақытты шағым деп бағалай білген ауылдастардың бірсыпырасы кеңшар тараған соң бала-шаға қамымен қалаға көшкені белгілі. Төрегелдиндер отбасы да Екібастұз қаласына қоныстанып, Сансызбай аға «Богатырь Көмір» кәсіпорнына өзінің үйреншікті кәсібі – механизатор болып жұмысқа кіреді. 2006-2011 жылдары көмір өндірісінде жұмыс істеп, денсаулығы сыр берген соң еңбектен қол үзеді.
Пешенесіне жазылғаны солай болар, 2012 жылы 60 жасын атап өтіп, желтоқсан айында көз жұмады.
– Жалғыз баламыз Сержан ер жетіп, отбасылы болған. «Шығыс» кенішінде «БелАЗ» айдап жүр. Келініміз Меруерт – №35 мектепте қазақ тілі пәні мұғалімі. Екі немереміз – Алтын мен Ерасыл мектепте оқиды. «Орнында бар оңалар» демей ме, ерім Сансызбай көре алмай кеткен ұрпақ қызығына шүкір деп, бала-шағаның амандығын тілеп отырған жайым бар. Ауылымыздың тойы құтты болсын! – деп Айтжамал апай ішкі жан толқуын сездірмей сөзін түйіндеді.
Иә, арғы-бергі буын ақкөлдіктердің қажыр-қайратымен іргесі бекіп, құтты мекенге айналған ауылымыз дүбірлі той қарсаңында тұр. Туған жердің түлеуіне тамшылатып тер төккен әр азаматтың есімі ел жадынан тысқары қалмауын ойлап, Сансызбай Төрегелдин туралы осы мақаланы жазып көңілім саябыр тапты.
Ж.Жәлелұлы
