Туып-өскен жердің тұтас тарихын түгендеу – инемен құдық қазғандай шаруа. Көп жыл бойы тірнектеп жүріп ел ішінде сақталған талай сөз қағаз бетіне түсірілді. Соған марқайып, көңілің жайланғанда тағы бір тұщымды естелік естіп олжалы боласың. «Үй артында төбешік, ерттеулі тұрған атпен тең, көп жасаған қария – жазулы тұрған хатпен тең» демекші, 88 жасқа толып отырған ақсақал Саржан Абжаровпен жолығып, Ақкөлдің тарихына қатысты әжептәуір әңгімеге қанықтым.
– Менің әкем Абжар Серікбаев «Ақкөл» кеңшары құрылған 1935 жылы Баянауыл жағынан, дәлірек айтқанда, Торайғыр ауылынан көшіп келіпті. Жаңадан ашылып жатқан шаруашылыққа құрылыс материалдары керек болған ғой. Содан Баянауылға ағаш дайындау үшін Ақкөлден адамдар жіберіліпті. Олар сол жұмыспен шұғылдана жүріп жергілікті жұртты қоныс аударуға үгіттеген сияқты. Сөйтіп, ағайынды жігіттер: Мұқан, Абжар, Әбілда ағаш әзірлеушілерге ілесіп Ақкөлге көшіпті. Бастапқы бетте киіз үйді паналап, өзектің сыртында саман кірпіш құйыпты. Одан соң әкем Абжар Ортақоғаға қоныстанып, малшы болады. Інісі Әбілда сол кезде «Ақкөл» кеңшарына қараған Қарақоға ауылына жылжып, ветсанитар қызметін атқарады. Ал ағалары Мұқан жерсінбей, қайтадан Баянауылға кеткен екен, – деп бастады әңгімесін кәрі құлақ ақсақал.
Ары қарай әңгімесін жалғаған Саржан қария бала күнгі оқиғаларды тізбектеді.
– Біздің үй жаз жайлауда отырғанда 1937 жылдың 20 шілдесінде жеті айлық бала болып өмірге келіппін. Анам Бәтжамал мені тымаққа салып ширатып, қатарға қосқан екен. Сұрапыл соғыс жүріп жатқанда майданға аттанған әкем 1947 жылы елге аман-сау оралды. Ес білген кезім емес пе, сол жылдары көрген-білгенім көңілімде сайрап тұр. Көктемде Өлеңті өзені тасып, көлдер айдынынан асып, жойқын су Ортақоғаға дейін жетеді. Балалар мәз болып, суға шомылып, шалғын арасынан құс жұмыртқасын тереміз. Он жасымда алғаш рет бөлімшедегі мектеп табалдырығын аттадым. Еңселі мектеп үйін ауыл адамдары «Ақ мешіт» деп атаушы еді. Бізге Татыбай шешеннің баласы Жапар мұғалім сабақ берді. Ферма бухгалтері Зияш Ілияшев қағаз-қалам таратып жақсылық жасаған еді, – деп Сәкең сөзін сабақтады.
Ақ мешіт деген сөзді естігенде елең еттім. Бәлкім, кеңес өкіметі мектеп етіп жіберген ол үй – заманында Сарман қажы салдырған мешіт болар. Ал Жапар мұғалімнің біздің елде алғашқы болып «Еңбек Қызыл Ту» орденін алғанын білуші едім.
Саржан ақсақалдың айтуынша, соғысқа дейін де, соғыстан кейін де ауыл адамдарының тұрмысы ауыр болыпты.
– Ол уақытта техника мүлде жоқ. Жұмысқа өгіздер жегіледі. Кеңшар директоры, ферма басқарушысы, бригадирлер салт ат мінеді. Сол кездегі адамдардың қажыр-қайраты мол еді. Кеңшардың ең ірі бөлімшесі – №1 фермада малшылар да, пішеншілер де жанкештілікпен жұмыс істеді. Арада көп жыл өтті ғой, бәрінің атын еске түсіру қиын. Жәкен, Мұқан, Мұхамедия, Тасыбай, Жұмабек, әйтеуір көп болатын. Ферманы ертеректе Рақымжан Татыбаев, Қайша Темірғалиқызы, Шәки Кәкенов, Бекен Супеков тәрізді еңбекқор азаматтардың басқарғаны еміс-еміс есімде. Шамамен 1950-ші жылдардың жуан ортасы ма, әйтеуір бөлімшеге Қытайдан атамекенге қоныс аударған қазақтар келді. Сол ағайындар үшін ел-жұрт кірпіш құйып, ескі ауылда бір көше үй тұрғызды. Қай жылы екенін ұмыттым, әкем Абжардың озат малшы ретінде Мәскеуге барғаны да жадымда. Үйге қайтарда базарлыққа самауырын алмақшы болып метроға кіріп, адасып кетіп, делегацияны әрең тапқан екен. Айтпақшы, әуреге түсірген сол самауырынан ортақоғалықтар шай ішіп, мәз-майрам болған, – деп Саржан қария сәл тыныстап, өзі жайлы әңгімеге көшті.
Ақкөлдегі Сталин атындағы мектепті тәмамдаған соң, 1958 жылы Саржан Абжаров №1 фермада есепші болып еңбекке араласады. Сол жылы ортақоғалықтар үшін қуанышты оқиға болады. Ауыл ішінде шағын станция салынып, мотор орнатылып, алғаш рет елді мекенге электр жарығы беріледі.
– Осы жұмысқа ие болу маған жүктелді. Рафаэль деген неміс электрик моторды қалай қосу керек екенін үйретті. Көзім қаныққан соң баған орнату, сым тарту жұмыстарына да ысылдым. Айтпақшы, сол оқиға жайлы аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде «Ильич шамы жағылды» деген мақала шықты. Авторын ұмыттым, бәлкім сенің әкең Жәлел марқұм болар, тілші ретінде танылған адам ғой, – деп Саржан ақсақал әңгіме арасында менің анам Дәметпен бір ауылда бірге өскенін де елжіреп еске алды.
Партком хатшысы Сейфолла Мұқажановтың ұсынуымен біраз уақыт комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарған Саржан Абжаров 1959-1962 жылдары Павлодар қаласында техникумда оқып, агроном мамандығын меңгереді.
– Оқу орны басшылығы мені жас маман ретінде Баянауыл ауданына жібермекші болды. Бас тартқан соң дипломымды қолыма бермеді. Райымнан қайтпай ауылға келіп едім кеңшар директоры Аманолла Рамазанов мені көріп, жағдайды білген соң, «Шұрқ етпе. Дипломыңды қолыңа тигіземін. Бізге де жас мамандар қажет» деп көңілімді жайландырды. Негізі, кейін мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген Аманолла Рамазанов біздің кеңшарда, арасына үзіліс салып, екі рет директор болды. Мықты азамат еді, «Ақкөл» кеңшарының аяғына нық тұруына ересен еңбек сіңірді, – деген Саржан ақсақал кеңшарда ауыл шаруашылығы техникасының сол 1950-1960 жылдар аралығында ғана көбейіп, қол күшін жеңілдеткенін тілге тиек етті.
Сәкеңнің сөзіне қарағанда, №1 фермаға берілген алғашқы үш «ДТ-74» шынжыр табанды тракторды жас жігіттер Молдатай Есенов, Қадыр Шөпшин, Мұрат Аушахманов тізгіндеген екен. Сол жылдары шаруашылықта бірнеше егіс бригадасы болыпты. №1 егіс бригадасында агроном қызметін атқарған Саржан Абжаров шаруашылық ақтылы қой өсіруге маманданған соң, егістік алқаптарының азайғанын айтады.
Мамандығына адалдық танытқан Саржан Абжаров «Ақкөл» кеңшарында бөлімше агрономы, аға агроном, бас агроном болып көп жыл еңбек етіп, шаруашылық тарап кеткенше диқаншылықтан қол үзген емес. Осылайша, Ақкөлдің абыройын асқақтатуға аға буынмен бірге үлесін қосақан азамат бүгінде Екібастұз қаласында тұрып жатыр. «Ақкөл» кеңшары кеңсесінде бухгалтер болып қызмет етіп, ауылдастарының сый-құрметін көрген бәйбішесі Дәмеш Жүнісова о дүниелік болған. Үш перзенттері Мақсұт, Рашид, Бауыржан – үйлі-баранды. Қарияның көзі мен көңілінің қуанышы немере-шөберелері «Ата, ата» деп қара шаңыраққа бас сұғып, амандығын біліп тұрады. Тоқсан жастың төбесі қылтиып көрініп тұрған қария үшін – бұл да бақыт.
– Жассерік қарағым, ауылымызға биыл 90 жыл ғой. Ауылмен құрдас қариялар қалмапты. Тоқсан жасқа таяған бірер шал-кемпір бар. Сол қарттарды тойда ескерген жөн-ау. Басшыларға сәлемімді жеткізерсің, – деді қоштасқан сәтте Саржан ақсақал.
«Адам қартайғанда бір бала» деген емес пе, қарттардың көңілін қалдыруға болмайды, олар – біздің қазынамыз ғой деген оймен сыртқа беттедім.
Ж.Бұланбай
