Жазғы демалысты мәнді де пайдалы өткізу әр оқушы үшін маңызды. Осы ретте Екібастұз қаласында жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан «Мектеп оқушыларының еңбек жасақтары» бағдарламасы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Биыл бұл игі бастама өз жалғасын тауып, қаладағы 21 мектептен 600 оқушы жаз бойы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Олар қаланың тазалығы мен көркейту жұмыстарына үлес қосып, еңбек маусымына белсенді араласуда.
Жасақ жұмысы үш кезеңге бөлініп ұйымдастырылған. Әр кезеңде шамамен 200 оқушы еңбек етеді. Жұмыс кестесі таңғы 8:00-ден 12:00-ге дейін белгіленген. Бұл ретте балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Күн сайын жұмыс нұсқамасымен танысу, қауіпсіздік техникасы, үзіліс уақыты тәрізді талаптар қатаң қадағаланады.
Оқушылар шөп шабу, бұтақ кесу, қоқыс жинау, аумақтарды абаттандыру секілді жұмыстармен айналысады. Барлығы арнайы құрал-саймандармен, қорғаныс киімімен қамтамасыз етіліп, әрқайсымен ресми еңбек шарты жасалған. Бір маусымдық жұмыс үшін 28 000-30 000 теңге аралығында жалақы төленеді.
Жасақ құрамындағы балалардың көбісі бұған дейін де еңбекке араласып үлгерген. Биыл ғана еңбек жасағына кіргендер де бар. Солардың бірі – №6 мектеп-лицейінің 7 «Г» сынып оқушысы Марк Ечкалов.
– Өткен жылы қатысқым келген еді, бірақ жасым жетпегендіктен өте алмадым. Биыл 14 жасқа толып, еңбек жасақтарының қатарына қабылданғаныма қуаныштымын. Алғашқы күні қауіпсіздік ережелерімен танысып, құралдарды қалай дұрыс қолдану керектігі түсіндірілді. Жұмыс барысында аумақтарды тазалап, шөп пен жапырақ жинадық. Күн тым ыстық немесе жаңбырлы болса, далаға шықпаймыз. Осы уақыт ішінде жаңа достар таптым. Алған жалақымның бір бөлігін мектепке керек-жарақ алуға жұмсамақпын, – дейді ол.
Бағдарламаға әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балалар да қатысуда. Бұл жоба олар үшін жазғы бос уақытты тиімді өткізумен қатар, жаңа оқу жылына дайындықтың бір бөлігіне айналып отыр. Сонымен қатар, еңбек тәжірибесі жасөспірімдерге өзін тануға, болашақ мамандығын айқындауға көмектеседі.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, биыл жаз мезгілінде қала бойынша 3000-нан астам оқушы уақытша еңбекке тартылған. Оның ішінде 100-ден астамы мектеп жанындағы күндізгі және кешкі лагерьлерде вожатый болып еңбек етуде. Сондай-ақ жоғары сынып оқушылары үшін жүзеге асырылып жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да табысты нәтиже беріп отыр.
– Балалардың жазғы демалысын мазмұнды, қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастыру біздің негізгі міндетіміз. Еңбекке баулу – баланың болашақ мамандығын таңдауға әсер ететін маңызды кезең. Біз олардың өз еңбегімен тапқан, алғашқы табысын бағалай білуін қалаймыз, – дейді бөлім басшысы.
Жасақтағы балалардың жұмысы педагогтар мен арнайы үйлестірушілердің бақылауымен өтуде. Қауіпсіздік ережелері сақталып, әрбір оқушының денсаулығы мен көңіл күйі күн сайын назарда. Бұл жоба жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке баулып, қоғамға пайдалы болуға үйретіп, еңбекке деген құрметті қалыптастыруда.
Ділназ Серікбай