«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «FURO» – білім беру саласын тұрақты дамыту қоры моноқалалар мен ауыл мектептеріне қамқорлық көрсетіп, әлеуетін арттыруды қолға алғаны белгілі. «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» деп аталатын жоба аясында аудандық, ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту көзделген.
Өткен жылы қаламыздағы №2 Абай атындағы мектеп осы жобаға кіріп, жоғарыда аталған қордан 250 миллион теңге қаражат бөлінген-ді. Мектеп директоры Қарлығаш Ташенева мектепке оқу құралдарымен бірге 16 жұмыс кабинеті берілгенін қуана хабарлаған болатын. Қоғамдық қор жасаған игіліктерді қолдана отырып мектеп ұжымы бір жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Мың жарым оқушыға арналған №2 мектепте бүгінде 750-дей бала оқиды. Оқушылар бір ауысымда оқып, сапалы білім алуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «FURO» – білім беру саласын тұрақты дамыту қорынан қаржыландырудың негізгі талабы – балалардың бір ауысымда оқуы болатын.
Былтырғы оқу жылында мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген еді. Онымен қатар жоба аясында жұмыс кабинеттері орналастырылып, кітапханаға көптеген өзгеріс енгізілді. Бастауыш сынып кабинеттері, жаратылыстану және мектепалды даярлық бөлмелері заманауи талаптарға сай безендірілген. Бұдан басқа АРТ-студия, СТЭМ-зертхана, роботтехника кабинеті, сондай-ақ, биология кабинетіне ботаника, зоологияға қажетті микропрепараттар жиынтығы, анатомия сабағына арналған ағза құрылысы модельдері жеткізіліпті. Химия кабинетінде реактивтер, зертханаға арналған аспаптар бар. Балалар мұның бәрін аса қызығушылықпен қабылдады. Әсіресе технология кабинеттеріндегі АРТ-студияда өтетін саз балшықпен жұмыс істеу үйірмесі көңілді өтеді. Мұнда қышпен жұмыс істеуге арналған станоктар, айналмалы шар, басқа да технологиялық құрылғылар, соның ішінде дайын өнімді аса жоғары температурада күйдіруге арналған пешке дейін бар. Үйірмеге қатысушы балалар қазірден бастап құмыра, кесе, кішкентай мүсіндер жасап, қыштан бұйым әзірлеудің қыр-сырына қанығып келеді.
Тірек мектептердің әлеуетін арттыру жобасы оқушылардың сапалы білім алып, қабілеттерін ашуға ықпал етеді. Сонымен қатар мұғалімдердің де жайлы жұмыс істеп, біліктілігін көтеру көзделген. Осы орайда жоба аясында үздік педагогикалық тәжірибелер тарату, әдістемелік көмек беру де қарастырылған екен. Сондай-ақ, педагогтардың әрқайсысына түрлі бағдарламалар кіргізілген моноблок беріліпті. Әр кабинетке ТАЧ-тақталар қойылған.
– Көмек кешенді түрде көрсетілді. Кабинеттерді жабдықтаумен қатар, безендіруге де көңіл бөлінді. Мектеп терезелеріне арналған жалюзи, қабырлағаларды әрлеу де ойластырылды. Осының бәрі мектепке кірген оқушы мен педагогқа ерекше көңіл-күй сыйлайды, – дейді бұл туралы мектеп директоры Қарлығаш Қырықбайқызы.
Жоғарыда аталған жоба шеңберінде арнайы мамандар педагогтарға жаңа кабинеттердегі заманауи құралдарды қалай қолдану керек екенін де оқытып, жыл бойы байланыста болған. Мұғалімдер Назарбаев зияткерлік мектебіне шақырылып, семинарлар, тәжірибе сабақтарына қатысқан.
– Білімді дамыту, ұжымды ұйыстыру мақсатында командалық курстар да ұйымдастырды. Осындай курстардың біріне мектеп басшысы ретінде өзім де қатыстым. Менімен бірге орынбасарым мен пән мұғалімі де барды. Бұл жерде балалардың білім алу процесін ұйымдастырудағы жан-жақты көмек, топпен жұмыс істеу мәселесі қарастырылды. Облыстық, республикалық деңгейдегі семинарлар мен конференцияларда тәжірибе алмасып, жаңашылдықтармен таныстық, – деген білім мекемесінің басшысы мұндай шаралардың педагогтарға берері көп екенін айтты.
Осындай жаңашылдықтар өз жемісін беріп, балалардың білім көкжиегін кеңейтуге жол ашуда. Соның нәтижесі болар, жақында ғана №2 мектеп оқушыларынан құралған «Roboter» командасы Дубайда өткен халықаралық робототехника чемпионатында жүлделі орын алып келді. Пән мұғалімі Салтанат Бектұрова – өз ісін сүйіп атқаратын үлгілі ұстаздардың бірі.
Оқушылар бұдан басқа алғашқы әскери дайындық, спорттан елеулі жетістікке жетуде. Азамат Бексеитов, Алтынай Жапарова, Дархан Истаев сынды ұстаздар балалардың талабын шыңдауда.
– Біздің мектебіміз Қоянды, Атығай, Сарықамыс ауылдық мектептеріне кураторлық көмек көрсетеді. Осы негізде педагогтарымыз өз білгендеріне үйретіп аталған ауылдардағы білім ұйымдарында семинарлар өткізеді, – деді сөз арасында мектеп директоры. – Айталық, пәндер апталығы аясында өткен «STEAM оқыту: пәнаралық интеграцияның жүзеге асырылуы» тақырыбындағы семинар-практикумға Бәйет, Атығай, Қоянды мектептерінің математика, физика, информатика мұғалімдері қатыстырылса, «Оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында аталған мектептердің қазақ тілі мен тарих пәндері мұғалімдері шақырылды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы мектептегі білім сапасын көтеруге қызмет етеді. Жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты мекемелерінің қолдауымен жүзеге асырылады. Ал жалпы үйлестіру жұмыстары «Білім беруді тұрақты дамыту» қорына міндеттелген. «Назарбаев зияткерлік мектептері» әдіснамалық демеу көрсетеді.
– Шын мәнінде мектебімізді «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «FURO» – білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жобасына қатыстыруға қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың сіңірген еңбегі орасан. Былтыр 70 жылдық мерейтой қарсаңында іссапармен келген облыс әкімі Асайын Байханов жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетуге сөз берген еді. Уәдесінде тұрып, ағаш терезелерді пластикке ауыстыруға, төбені жөндеуге қаражат бөлгізді. Мұның бәрі жобаға қатысуымызды жеңілдетті. Алдағы уақытта мұғалімдеріміз оқушыларға сапалы білім беріп, шәкірттеріміз ел мақтанышына айналарына сенеміз, – деп қорытты сөзін Қ.Ташенева.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ