21 шілде күні Екібастұз қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте №3 қалалық емхананың базасында жұмыс істейтін «Болашақ» жастар денсаулық орталығының қызметі таныстырылды. Орталықтың акушер-гинекологі Бақыт Бейсембенова мен психолог Гүлдана Мусина 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Спикерлердің айтуынша, орталық 2022 жылдың маусым айында ашылған. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет аясын кеңейтіп, Екібастұз және Баянауыл өңіріндегі 10-29 жас аралығындағы жастарға қолжетімді көмек көрсетіп келеді. Мекеменің басты мақсаты – жастардың физикалық, психологиялық және репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту.
Орталық бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұнда жастар мазасыздық, өзіне сенімсіздік, ата-анамен немесе құрдастарымен қарым-қатынаста туындайтын қиындықтар, күйзеліс сынды мәселелерге қатысты психологиялық кеңес ала алады. Сонымен қатар, репродуктивті денсаулық пен жыныстық тәрбие тақырыбында тренингтер мен ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Ерте жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу маңызды бағыттардың бірі.
– Көп жағдайда жасөспірімдер алғаш келгенде ашыла бермейді. Алайда сенімді байланыс орнатылған соң, олар өз мәселесін еркін айтып, шешім іздеуге дайын болады. Біздің міндет жол сілтеу, бағыт беру, – дейді психолог Гүлдана Мусина.
Орталықтың қызметі тегін, құпия түрде көрсетіледі. Жастар алдын ала жазылусыз-ақ көмек ала алады. Емханаға тіркелудің де қажеті жоқ. Мұнда жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, уролог, психолог және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.
2025 жылдың алғашқы алты айында орталыққа 1650 жас жүгініп, жалпы 4499 қызмет көрсетілген. Олардың 1264-і – қала жастары, ал 386-сы – ауылдық елді мекендер жастары. Кеңес беру барысында 6 әлеуметтік және 4 медициналық мәселе анықталған. Оның ішінде бір жасөспірімде суицидке әрекет жасау жағдайы тіркеліп, ұзақ мерзімді психологиялық жұмыс жүргізілген. Қалған бес жағдай – отбасындағы қиын қарым-қатынас, зорлық-зомбылық пен буллингке байланысты болып отыр.
– Мұндай жағдайларда біз тек жасөспіріммен емес, оның отбасымен де жұмыс істейміз. Бұл – мәселені кешенді түрде шешудің тиімді жолы, – дейді маман.
Бақыт Бейсембенованың айтуынша, жыл басынан бері екі жасөспірім жүктілікпен есепке алынған. Бүгінде олардың бірі кәмелет жасқа толып, ресми некеге отырған.
Орталық ақпараттық-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Апта сайын бейнероликтер көрсетіліп, брошюралар, парақшалар мен жадынамалар таратылады. Сонымен қатар, үшінші қабаттағы холлда ақпараттық стендтер орнатылып, Instagram желісіндегі «Pol3.mcz» парақшасында орталықтың жаңалықтары мен кеңестері тұрақты жарияланып отырады.
Мамандардың айтуынша, орталықтың жұмысы тек қала аумағымен шектелмейді. «Ауыл CONNECTION» жобасы аясында жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесіп, Атығай, Байет, Шиқылдық, Шідерті, Солнечный, Ақкөл және Төртүй ауылдарына іссапарлар ұйымдастырылып, жасөспірімдермен топтық және жеке кездесулер өткен.
Бұған қоса, мектептер мен колледждерде профилактикалық дәрістер мен тренингтерден бөлек, ата-аналарға арналған форумдар да өткізіліп жүр. Биылғы мамыр айында репродуктивті денсаулыққа арналған апталық ұйымдастырылып, ашық есік күні мен жастар арасында дөңгелек үстелдер өтті.
«Болашақ» жастар денсаулық орталығы №3 қалалық емхананың екінші корпусында, сол қанатында, үшінші қабатта орналасқан. Дүйсенбі мен жұма аралығында, сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Жасөспірімдер мен жастар мұнда кез келген уақытта келіп, өздерін толғандырған сұрақтарға кәсіби мамандардан жауап пен көмек ала алады.
Ділназ Серікбай