Жаз басталғалы «Екібастұз жылу желілері» кәсіпорны қаладағы жылу құбырларына сынақ жүргізіп жатыр. 22 шілдеде ЖШС тарапынан жылу желілерінде 16 кгс/см² жоғары қысыммен жоспарлы гидравликалық сынақтар жүргізілген болатын. Сынақтар барысында №11 жылу магистралінде, дәлірек айтсақ, «УАҚ» дүкені маңында диаметрі 530 мм құбыр жарылды.
Соның салдарынан желілер өтетін тұстағы асфальт жарылып, сол маңайда тұрған автокөліктерге зақым келтірілді. Көліктерді лай су басып, әйнектері сынған. Қала әкімдігі берген алдын ала мәліметте 8 автокөлік зардап шеккені айтылған.
Абырой болғанда, тұрғындар арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Сонымен бірге кәсіпкерлік нысандары мен ғимараттарға да еш зақым келмеген.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің өкілдері шұғыл жетті. Жарылған құбыр маңында «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-нің апаттық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімдігі зардап шеккен мүлік иелеріне Д.Қонаев көшесі, 105А мекенжайында орналасқан «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-не немесе 8 (7187) 280-920 телефоны арқылы жүгіну қажеттігін мәлімдеді. Апаттық жағдайда келтірілген шығынды өтеу туралы өтініш беру үшін азаматтардың қолында тәуелсіз бағалау қорытындысы болуы тиіс.
Кенже ҚУАТ