Тарифтер туралы әңгіме қозғалса, көпшілік елең ете қалады. Өйткені, жылу, су, электр жарығын әркім-ақ пайдаланады емес пе. 18 шілде күні «Достық үйінде» ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жария тыңдау өткізіп, онда «Горэлектросеть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электрмен жабдықтау қызметінің шекті бағаларын алдағы уақытта көтеру жөніндегі хабарламасы қаралды.
Жария тыңдауға жиналған қауымды «Горэлектросеть» ЖШС-і директорының экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Светлана Феденко аталмыш кәсіпорынның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, содан соң негізгі мәселеге көшті.
Заңнамадағы өзгерістерге байланысты биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушыларға электр энергиясын тарату «Экибастузэнерго» жаупкершілігі шектеулі серіктестігінен «Горэлектросеть» ЖШС-не беріліпті. Ал электр энергиясын таратушы кәсіпорынның электр қуатын 2023 жылдың 1 шілдесінен бері «Есепайырысу қаржылық орталығы» ЖШС-нен сатып алатыны белгілі. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, аталмыш орталық электр энергиясын оны өндіруші станциялардан сатып алады да, орташа бағаны белгілеп, таратушы кәсіпорындарға сол бағамен береді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан Бірегей сатып алушы, яғни әлгі орталық 1 киловат/сағат электр энергиясын, қосымша құн салығын қоспағанда, 11 теңгеден беріп отыр. Осы арада «Есепайырысу қаржылық орталығы» ЖШС-нің электрлік қуат көздерін жүктемеге әзірлеуді қамтамасыз ету қызметтерінің бағасы 30,6 пайызға өсіп кетіпті. Сонымен бірге, электр энергиясына шекті бағаның өсуіне электр қуатын беруші ұйымдардың электр энергиясын беру мен тарату қызметі құнын 25,2 пайызға көтеруі де кері әсерін тигізіп отырған көрінеді. Мұның бәрі әзірше бұрынғы тарифпен қызмет көрсетіп отырған «Горэлектросеть» кәсіпорнын шығынға батыруда. Сол себепті аталмыш кәсіпорын электрмен жабдықтау қызметіне орташа босату тарифін көтеруді ұсынып, оны өкілетті орган қарастырып жатыр екен.
Әрине, тарифті өсіру заңды тұлғаларға да, жеке тұлғаларға да ұнап тұрған жоқ. Жария тыңдау кезінде қоғамдық бақылау тобы атынан сөз алған Александр Разумовский мен кәсіпкер Гүлнәр Қайыргелдіқызы өз уәждерін айтып, тарифті өсіруге наразылық білдіріп, табиғи монополияларды реттеу департаментіне мәселені мұқият қарап, сараптама қорытындысынан соң жария тыңдауды қайта өткізуді ұсынды.
Жалпы, тариф туралы нақты шешімді монополияға қарсы ведомство «Горэлектросеть» ЖШС ұсынған материалдарды қарау қорытындысынан соң қабылдамақшы.
Ж.Жәлелұлы