Шілденің 17-сі күні Екібастұз қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Мариям Маликова жүргізіп, отырысқа мәслихат төрағасы Нияз Макраев, қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен комиссия мүшелері қатысты. Күн тәртібіне қала және ауылдық округтердің 2025–2027 жылдарға арналған бюджеттерін нақтылау мәселесі қойылды.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаеваның хабарлауынша, бюджет нақтылауы бірнеше факторға негізделген. Оның ішінде: салықтық түсімдердің өзгерісі, бос қаражат қалдықтарын қайта бөлу, мемлекеттік сатып алулардағы үнем және облыстық трансферттерге енгізілген түзетулер бар.
Нәтижесінде Екібастұз қаласының 2025 жылға арналған нақты бюджеті 70 млрд 6 млн теңгені құрады. Бұл соманың ішінде 992,1 млн теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен жол саласына бөлінбек. Қаржы негізінен қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталады.
Салықтық түсімдер 22,2 млн теңгеге, ал салықтық емес түсімдер 21,6 млн теңгеге артты. Дегенмен негізгі капиталды сатудан түсетін кіріс 1,6 млрд теңгеге азайған. Сонымен қатар, облыстан бөлінетін қаржы 2,3 млрд теңгеге кемігендіктен, бірқатар бағыттар бойынша қаржыны қайта бөлу жүргізілді. Атап айтқанда: құрылыс бөліміне 2,05 млрд теңге қосымша қаржы қарастырылды. Сонымен қатар, республикалық резервтен 3,06 млрд теңге жылу жүйесін жаңғыртуға бөлініп, бұл қаржы №1 және №3 жылу магистральдарын жаңалауға жұмсалмақ.
Жиын барысында ауылдық округтер мен елді мекендердің бюджеттері де нақтыланды. Ауылдық аумақтардың түзетілген бюджет көлемі 2,7 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат негізінен инфрақұрылымды дамыту мен абаттандыруға бағытталмақ.
Мемлекеттік сатып алулар мен әкімдік құрылымдарындағы үнем нәтижесінде 2,6 млрд теңге көлеміндегі бос қаражат қалыптасқан. Аталған қаржы қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіру, коммуналдық жобалар мен көше-жол желілерін жөндеуге жұмсалады.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе — мәслихат жанындағы комиссиялардың құрамын жаңарту болды. Депутаттар жер комиссиясы мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның жаңартылған құрамын бекітті.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменовтің айтуынша, қаладағы әлеуметтік нысандарға инвентаризация жүргізіледі. Бұл жұмысты қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов төрағалық ететін комиссия атқарады. Құрамына әкімдік өкілдері мен тиісті мекеме басшылары кіреді. Жиын соңында барлық ұсыныстар мен түзетулер депутаттар тарапынан бурауыздан қолдау тапты.
Ділназ Серікбай