Қосшы қаласында балаларға арналған республикалық өнер байқауы өтті. «Шабыт» деп аталған бұл байқауға Екібастұздан Ержанат Ерболат пен Ерке Сетерхан қатысты. Көркемсөз аталымында қатысқан балалардың өнерін қазылар жоғары бағалады. Байқауда Ержанат бас жүлдені жеңіп алып, Түркияға саяхат сертификатына ие болды. Ал Ерке 1-орын алып, «BAQ Star» киностудиясында өтетін кастингке жолдама иеленді. Балаларды дайындаған жетекшісі Қазына Алпысбаева дипломмен марапатталды.
– Ержанат – көптеген сайыста жүлде салып келе жатқан жүйрігім. 6 жасынан бері Абай мен Мұқағалидың, жергілікті ақындардың өлеңдерін жаттап өсіп келеді. Биыл жасы онда. Осы жолы да бас жүлдені еншіледі. Ерке «Жетім қыздың монологін» жатқа оқып көзге түсті, – дейді Қ.Алпысбаева.
Саяхат сертификатын алған Ержанат Ерболат редакцияға хабарласып, зор қуанышын бөлісті.
– Үнемі қамқорлық танытатын Қазына апайға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта көлемді шығармаларды жаттасам деген ойым бар. Түркияға жолдама ұтып алғанымда төбем көкке жеткендей болды. Қысқы демалысымды соған арнамақпын, – дейді жүлдегер.
Өнерлі балапан – Ерке Сетерхан кино-кастингте бақ сынап көрмек. Алдағы уақытта оны актерлер қатарынан көріп қалуымыз ғажап емес.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ