Өкшемді басып келе жатқан бауырым – Ерлан Қабылтаевпен аралас-құралас болғалы көп жыл өтті. Осы жылдар аралығында бір-бірімізді танып болған сияқты көрінген. Десек те, адамның жүрегінің түбіне ұялаған құпия сыры сәтін салған уағында ғана сыртқа шығады екен. Біржолы Қылдыкөлдегі «Исабек ишан» діни-мәдени кешенінде Шырақшы үйінің ауласында әңгімелесіп отыр едік, Ерлан інім: «Жәке, сіз Қанікей тауды білесіз бе?» – деп сұрады. «Естіген емеспін. Ол неғылған тау?» деп елең етіп, сөздің жалғасын күттім.
– Әкем Жаңбыртай – шопан, анам Гүлбағизат көмекшісі болды. Жазғытұры жайлауға көшеді. Жазғы демалыста біздің үйдің балалары жайлауда жүріп әке-шешемізге қолғабыс жасаймыз. Сол Құлақұлын жақта Қанікей деп аталатын биік төбе бар екен. Үстіне көтерілгенде самал леп еседі. Бірде әкем екеуіміз әлгі төбеге шықтық. «Балам, қарашы, осы биіктен шола көз жүгірткенде алыстан мұнартып Төртүй, Зеленая роща, Ақкөл, Сарықамыс – бәрі-бәрі алақандағыдай болып көрініп тұр емес пе. Биік жердің қасиеті ғой, ер жігіттің де өз биігі болады. Алайда, ол биікке көтерілу үшін мектептегі сабағыңды жақсы оқы. Білімді кеудеңе қондырып, білікті маман атансаң келешекте ана ауылдарға барып қызмет етер азамат боларсың, тілеуім сол», – деді әкем Жаңбыртай арқамнан қағып. Әкемнің сол ақыл сөзін құлағыма құйып алып, арманыма арқау еттім. Содан бері қаншама жер көрсем де, мені үнемі алға жетелеген Қанікей таудан биік тау жоқ, – деп ақтарылды Ерлан әңгімесін түйіндеп.
Енді 18 шілдеде 60 жасқа толғалы отырған кейіпкеріміздің өмір жолына үңілейік. Туған ауылы – Зеленая рощада 8 жыл білім алған ол оқуын Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернатта жалғастырып, 1982 жылы Семей зооветеринарлық институтының студенті атанды. 1984-1986 жылдары Чехославакияда әскери борышын өтеп, жоғары оқу орнына қайта оралып, 1989 жылы қолына ғалым-зоотехник дипломын алды.
Жас маман еңбек жолын «Ақкөл» кеңшарының №5 фермасында бөлімше зоотехнигі болып бастады. Асыл тұқымды ірі қара өсіретін бөлімшеде тәжірибе жинап, маман ретінде ысылған шағында Қазақ Елі тәуелсіздік алып, қоғамдық құрылыс өзгеріп, жоспарлы экономиканы нарықтық экономика ауыстырды. Шаруашылық жүргізудің жаңа түріне бейімделудің ауыр болғанын сол тоқсаныншы жылдардың бейнетін көрген буын жақсы біледі. Ауыл шаруашылығы қожыраған сол тұста, дәлірек айтқанда, 1995-1996 жылдары Ерлан Қабылтаев «Ақкөл» кеңшарының соңғы директоры болып қызмет атқарды. Одан кейін Екібастұз қаласында әртүрлі қызметте болған азамат 2001 жылы Екібастұз ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Округке қарайтын елді мекендер тұрғындарына мемлекет саясатын түсіндіріп, жеке кәсіппен шұғылданудың артықшылығын насихаттады. Мұндайда жалаң сөз емес, нақты іс-әрекет үлгі болады емес пе. Ерлан Жаңбыртайұлы сол уақытта тасы өрге домалап тұрған кәсіпкер Бағыдат Апахановпен тіл табысып, оның Төртүй іргесінде «АБИ» шаруа қожалығын құруына ұйытқы болды. Бірте-бірте округте шаруа қожалықтары саны көбейіп, мұның өзі ел-жұрттың тұрмысын түзеуіне септігін тигізіп, қаншама игі істер тындырылды.
Балалық шағында әкесінің айтқан сөзі дөп келіп 2009 жылы Ерлан Қабылтаев Өлеңті ауылдық округі әкімі болып тағайындалды. Өлеңтінің ұйымшыл азаматтарына арқа сүйеген әкім елді мекенді көркейтуді өзіне міндет санады. Аталмыш округті бес жыл басқарғанда қадау-қадау шаруа жүзеге асырылды. Солардың кейбірін санамалап айтар болсақ, жергілікті мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, шағын балалар орталығы ашылды. Ауыз су тапшылығы проблемасы шешіліп, КБМ іске қосылды. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге қоса, мал шаруашылығында оң бетбұрыс жасалды. «Әсет», «Елқонды», «Алексей» тәрізді ондаған шаруа қожалығы төрт түлік өсіріп, басшылары мәдени-бұқаралық іс-шараларға демеушілік жасап ауылдастарының алғысына бөленді. Елдің жан-дүниесін тазартатын имандылық жағы да ескеріліп, Өлеңті ауылының тумасы – кәсіпкер Серік Садвакасов ауылға көрікті мешіт салып берді. 2011 жылы «Өлеңті» кеңшарының 50 жылдық мерейтойы аталып өтті. Той қарсаңында бұрынғы балабақша орнында саябақ пайда болып, ел мен жерге еңбегі сіңген өлеңтілік азаматтар жайлы «Өлеңті өрендері» кітабы жарық көрді. Осылайша, Өлеңті-Тай ауылында шама-шарқынша із қалдырған Ерлан Жаңбыртайұлы кейінгі жылдары тағы бірқатар қызметте болып, 2021 жылы Ақкөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Мойынға жүктелген міндеттерді атқару үшін басшыға тірек болар азаматтар керек-ақ. Ерланның бағына қарай өзі қызмет істеген ауылдардан ақыл қосар қариялар да, сүйеу болған азаматтар да табылды. Төртүйліктер Зарлық Саржанов, Мұрат Байниязов, Бейбіт Молдахметов, Амангелді Сембин, өлеңтіліктер Бадылхан Қарабаев, Бауыржан Балабеков, Асқар Шайкенов, ақкөлдіктер Қабылқайыр Райымқұлов, Мақсұт Естаев, Манат Алғамбаров, Дүйсенбек Оспанов, Ғабит Арымбеков, Мақсұт Мұсабаев, Сайран Мусин, Сәкен Мақажанов және тағы басқа азаматтардың көмектері тиді.
– Жалпы, азаматтың ой мен бой түзеуі де тәлім-тәрбиесін алған жақсы мен жайсаңға байланысты. Көп жылғы қызмет сатысында Тоқтар Мүбараков, Әбілқақ Түгелбаев, Зайыргелді Мейрамов, Болат Букенов, Ержан Сағынтаев, Сағынтай Базылов, Мырзағали Ерғалиев, Жасұлан Сәдуақасов сияқты азаматтардың іскерлігінен үлгі алып, ақыл-кеңестерін кәдеге жараттым. Әрине, маған жанашыр болып жүрген аға-інілердің бәрінің аты-жөнін тізіп шығу мүмкін емес. Алайда, соларға тегіс разы екенімді білдіру парызым, – дейді Ерлан Жаңбыртайұлы әңгіме арасында ризашылықпен.
Туған жері – Ақкөлде қызметке кіріскелі де едәуір жұмыс атқарылды. Бұрынғыдай емес, еліміздің экономикасы жақсарып, елді мекендерді абаттандыруға қомақты қаржы құйылып жатыр. Соның бір жарқын мысалы – Екібастұз қаласы мен Ақкөл ауылы аралығын қосатын қатқыл табанды жол асфальтталды. Биыл Ақкөл ауылына – 90 жыл. Әулиелі Ақкөл атанып аты алысқа мәлім болған елді мекенді көркейте түсуге аймақ басшысы Асайын Байханов пен қала әкімі Аян Бейсекиннің көңіл бөлуі – тойға әзірленіп жатқан ақкөлдіктерді тіптен қанаттандырды. Қазынадан бөлінген қаржыға ауыл клубы, асханасы жөнделіп, арка, стелла орнатылды. Енді көшелерді жарықтандыру мен асфальттау қолға алынып жатыр. Ал Ақкөлде туып-өскен, бүгінгі күні ауылда, қалада, қысқасы әр тарапта тұрып жатқан түлектердің жұдырықтай жұмылып тындырған игі істері өз алдына жеке әңгіме. Ауыл әкімі сөзінде бүгінгі күні ерекше қайрат танытып, туған жерді гүлдендіріп жатқан қыз-жігіттерге айрықша алғыс айтуды өтінді.
Бүгінгі кейіпкеріміз жайлы әңгімені түйіндер тұста өскен ортасы, отбасы туралы да аз-маз айта кетуді жөн көрдік. Емін-жарқын мінезді, әрдайым жайраңдап жүретін азамат үшін жөн сілтеп жанашыр болып жүрген апайы Құралай, ағасы Сәдібек, інісі Ерболдың орны бір бөлек десек, сүйген жары, балаларының анасы Гүлгауһар Қасенқызы қызметін алаңсыз атқаруына жағдай туғызып отыр. Тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан ерлі-зайыптылардың екі перзенті ер жетіп өмірден өз орындарын тапқаны да бір бақыт. Қыздары Гүлзат – мұғалім, тұрмыс құрған, күйеуі Мұрат – мемлекеттік қызметте, балалы-шағалы. Ұлдары Еламан – №36 мектепте тарих пәні мұғалімі, жұбайы Әсем №3 емханада дәрігер. Немере-жиендер өсіп келе жатыр.
60 жасқа толғалы отырған Ерлан Қабылтаев жайлы әңгімені Қанікей таудан бастадық қой. Әке тілегі періште құлағына шалынып өз биігін бағындырған Ерлан Қабылтаев: «Мен үшін Қанікей таудан биік тау жоқ, нанбасаң шығып көрші», – деп жүрегіне бекіген сөзді жиі айтқанды ұнатады. Өйткені, Қанікей таудың азаматқа мотивация беріп, алға жетелеп, биікке көтерілуіне себеп болғаны анық қой.
Ж.Сәдуақас
