Жыл сайын Екібастұз қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту ісіне жете көңіл бөлініп келеді. Мәселен, жаз шыға жылу, су және электр желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстары қолға алынып, қызу жүргізіліп жатыр. Дегенмен, кейбір мердігерлердің жұмыс мерзімін созып жіберуі, сондай-ақ, қазылған жерлерді дұрыс қалпына келтірмеуі тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Осыған орай, 16 шілде күні полиция басқармасы өкілдері мен қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, қала көшелерін аралап, шағымдарды тексерді.
– Инженерлік желілерді жөндеумен шұғылданатын мердігерлер жер қазу және асфальт жабындысын қопару жұмыстарына арнайы рұқсат алады. Бұл рұқсат техникалық шарттарды, сонымен қатар абаттандыру талаптарын да қамтиды. Сол себепті өтініш иесі бүлінген асфальтты белгіленген мерзімде қалпына келтіруге тиіс. Атап айтқанда, жеке тұлғалар 1 ай мерзім ішінде, ал мердігерлер 7-10 күн аралығында аталмыш жұмысты атқаруға міндетті. Алайда, бұл мердігерлер тарапынан үнемі сақтала бермейді, – дейді бөлім басшысының орынбасары Бауыртай Аманов.
Жыл басынан бері қалада жүзден астам учаскеде асфальт жабындысы қопарылып, жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Бұл жұмыстарды негізінен «Екібастұз жылу желілері» ЖШС, «Горводоканал» ШЖҚ КМК және «Горэлектросеть» ЖШС кәсіпорындары атқарған. Алайда, жөндеу жұмыстарынан кейін қалпына келтіру жағы ақсап тұр.
Мәселен, жылу желілері 25 учаскеде жөнделсе, соның тек 6-да ғана асфальт жабындысы толық қалпына келтіріліпті. Қалған учаскелерде тегістеу жұмыстары аяқталып, шілде айының соңына дейін асфальт төсеу жоспарланған. Су құбырларына 52 учаскеде жөндеу жүргізілсе, қазіргі уақытта 11учаске толық қалпына келтіріліп, 3 учаскеде дайындық жүргізілген. Бірқатар учаскелерде жұмыс 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал электр желілері жаңартылған 20 учаскенің 16-сы ретке келтірілсе, қалғанын 20 тамызға дейін аяқтау көзделіп отыр.
Сондай-ақ, асфальт жабындысын бұза отырып жұмыс жүргізуге 5 жеке тұлғаға рұқсат берілген екен. Олардың төртеуі жөндеу жұмыстарынан кейін жол жабындысын қалпына келтірсе, біреуі мұны тамыз айына дейін аяқтамақшы.
Жоғарыда айтқанымыздай, бірлескен рейд кезінде бірнеше мекенжайда қалпына келтіру талаптарының орындалмағаны анықталды.
– Рейд барысында анықталған әрбір құқықбұзушылық бойынша жауапты тұлғаларға ресми ескерту жасалып, жазбаша нұсқама беріледі. Егер талаптар орындалмаса, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылады, – дейді полиция аға лейтенанты Ахат Оспанов.
Заңды тұлғаларға қоса, жеке тұлғалардың да міндеттеріне немқұрайлы қарауы алаңдатады. Мәселен 23-шағынаудандағы кейбір көшелерде тұрғындар инженерлік желілерге қосылғаннан кейін, жол жабындысын көптен бері қалпына келтірмеген. Бұл өз кезегінде өзге тұрғындарға қолайсыздық туғызып, көлік қозғалысына кедергі болуда. Осындай келеңсіздіктер қайталанбауы үшін бірлескен рейдтер жиі өткізіліп, бақылау күшейтілмекші.
Ділназ Серікбай
