болады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары барысында берілген тапсырмасына сәйкес «Балалардың қосымша білім беру жүйесінің жаңа моделі» аясында былтыр жыл соңында заманауи «Самғау» балалар шығармашылық орталығы ашылды. Орталық ғылыми-техникалық бағыттағы бағдарламаларды оқыту үшін жоғары техникалық жабдықтармен жабдықталды. Жобаны жүзеге асыруға Павлодар облысының екі ірі өнеркәсіптік компаниясы – ERG тобы мен «KazMineralsBozshakol» ЖШС демеушілік еткен еді.
9 мың балаға лайықталған «Самғау» шығармашылық орталығы орналасқан аудан сегіз мың шаршы метрден асады. Ғимарат 3 қабаттан және жертөледен тұрады. Оқушылардың өзіне ұнаған үйірмені таңдауына мүмкіндік берген орталық әкімшілігі оларды мұғалімдерімен бірге экскурсияға шақырып, ғимаратты аралатыпты. Жаңа кабинеттер мен жабдықтар балалардың қызығушылығын тудырыпты.
Орталықтағы үшінші қабаттың оң жақ блогына екі мыңға жуық балаға ыңғайланған IT-технологиялар, ғарыштық Радиобайланыс және Радиотехника клубы, робототехника студиясы, Т-кабинет, компьютерлік модельдеу клубы, stam зертханасы, LEGO зертханасы, ұшқышсыз ұшу аппараты клубы, ал сол жақ блогында тігу, модельдеу, керамика, бейнелеу өнері, аспаздық шеберліктерін меңгеруге қажетті кабинеттер орналасқан.
Екінші қабат хореография кабинеттеріне, театр өнеріне дайындық залына, Ұлттық зияткерлік ойындар кабинетіне, жасыл кеңістік орталығына, ландшафт дизайнына, ғылыми-биологиялық зертханаға бөлініпті. Хореографиялық залдарда театр үйірмесі мен ән айту сабақтары өтеді. Осыларға қоса мұнда домбыра, гитара, фортепиано, дәстүрлі ән сияқты музыкалық бағыттағы кабинеттер бар. Жапсарлас кабинеттер пікірсайыс орталығына қарасты. Оның жанындағы медиаорталықта 600-ден аса бала суретке түсіру, дыбыс жазудың қыр-сырын меңгеріп, блогерлікті меңгереді. Осы мақсатта жоғары технологиялық және шу оқшаулаумен жабдықталған дыбыс жазу студиясының жеке кабинеті қарастырылған.
Бірінші қабатта орналасқан концерт залына да жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған. Үлкен ЛЭД экран қойылған залда инженерлер, дыбыс операторлары, т.б. үшін бөлек кабиналар бар. Осы қабаттан отбасыларды демеу шеңберінде психологиялық қолдау орталығына, емдік дене шынықтыру кабинетіне орын берілсе, сол қанаттағы заманауи асхана мен холлдар ата-аналар мен балаларға арналған демалыс аймағы ретінде пайдаланылады. Бұл қабатта, сонымен бірге, орталық әкімшілігі үшін кабинеттер қарастырылған. Теннис, тренажер, ММА сабағына арналған зал, ұлттық ойындар бөлімі жертөледе орналасқан.
2024 жылдың желтоқсан айында іске қосылған балалар шығармашылық орталығында бүгінде 6-17 жас аралығындағы 3 000-дай оқушы шығармашылықпен айналысып жүр. Балалар IT кеңістік, биотехнология, хореография, көркемсурет шеберханасы, вокал, телестудия, театр өнері, ұлттық және спорттық ойын түрлерінен басқа, заманауи кәсіпке бағыттайтын ландшафттық сәулет және флористика, мобилография, бет әрлеу, сондай-ақ, сәнді дизайн мен киім тігу үйірмелеріне де қызығушылық білдірген. Бұл өз кезегінде оқушыларға техникалық бейіндегі болашақ мамандығын таңдау, сынау, өнертабыс, әртүрлі стандартты емес міндеттерді шешуге және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
– Жаңа орталық инклюзия талаптарына сай келеді. Осы орталықты материалдық қамтамасыз ету барысында ішкі бөлменің дизайны мен жабдықтарына ерекше назар аударылды. Өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1,5 мыңнан астам бала бар, олардың 500-ден астамы мектеп жасында екені ескеріліп, орталық осындай балаларға бейімделді. Осылайша ол лифтпен және сахнаға көтеру тетіктерімен, тифло және сурдо жабдықтармен жарақталды, – деп әңгімелейді орталық директорының орынбасары Ілияс Көпежанов.
Ерекше балалардың денсаулық жағдайына қарай үйірме сабақтарында ата-анасымен бірге отыруға да мүмкіндік жасалған. Олар осындағы психологиялық орталықтан демеу, кеңес ала алады.
– Ашылғанына көп болмаса да, «Самғау» шығармашылық орталығының балалары жүлделі орындарды бағындырып, әр қырынан танылып жүр. Орталық инновациялық жобалармен айналысатын хакатон сайысын өткізіп, пікірсайысшыларды қабылдады. «Жайдарманшылар» да орталық сахнасында өнер көрсетіп, жастарды ұйыстырды. Шығармашылық орталық зияткерлік, патриоттық, т.б. шараларға үн қосып, оқушыларға насихаттап келеді. Жақында ғана Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған «Рух пен Саз» мерекелік концерті өтті. Бұл музыканы, дәстүрді және Отанға деген сүйіспеншілікті біріктіретін жарқын мәдени шара болды, – дейді орталық басшысының м.а. Ботагөз Төлеуова.
«Самғау» шығармашылық орталығында жаңа оқу жылында бірнеше кабинет жабдықталмақ. Соның бірі – заманауи кітапхана. Коворкинг-орталық үлгісінде ұсынылатын кітапханада балалар керекті әдебиетпен қамтамасыз етіледі, маңызды шаралар ұйымдастырады.
Жаңа оқу жылында орталық толық құраммен жұмыс бастайды деп күтілуде. Әр бала өзіне ұнайтын үйірмеге қатысып, шығармашылықтарын шыңдай түседі.
Гүлсана Медеубаева