12 шілде күні «Халық базарында» болған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралып шықтық. Жаз орталап қалды емес пе, жәрмеңкеде жеміс-жидек пен көкөніс көбейіпті. Алайда, бағалары әлі қымбат. Бірер адаммен пікірлесіп едік, «Амал нешік, қалтамызды қақса да, сатып алып жатырмыз. Жазда жеміс жеу керек қой», – деп бағаларға онша разы еместігін білдірді.
Сонымен, жәрмеңкеде 1 кило картоп пен сәбіз – 350 теңгеден, жас пияз 250 теңгеден сатылып жатты. Әрине, бұл – дүкендердегіден біршама арзан. Ал ілкімді кәсіпкерлер Қырғызстаннан жеткізген таңқурайдың 1 килосы – 2 000, қарақат – 1800 теңге. Қант бағасының да арзан еместігін ескерсек, тосап қайнату үшін әжептәуір қаражат қажет-ақ.
Жаз ішінде дастарханға жиі қойылатын қиярдың бағасы әркелкі, 250-400 теңге аралығында. Қызанақ – 800-1000 теңге.
Сырттағы сауданың мән-жайына қаныққан соң, базар ішіне кірдік. Сүт өнімдері сатылатын қанатында сатып алушылардан сатушылар көп сияқты көрінді. Сүт пен айран – 350 теңге. Сары майдың бағасы 6 мың тегеге жетіпті, құрт – 3 мың теңге.
Сиыр етінің бағасын да шектеу мүмкін болмай тұр. «Күн жаз, ет аз» демекші, жәрмеңкеге жеткізілетін ет аз. Бұл жолы Ақкөл, Екібастұз және Сарықамыс ауылдық округтерінен қара мал еті әкелініп, килосы 2500 теңгеден сатылды.
– Шектеу бағаны 3000 теңгеге көтеру керек, әйтпесе шаруалар жәрмеңкеге ет тапсыруға құлықсыз. Әне, Ерейментау ауданынан жеткізілген сиыр еті 3000-3500 теңгеден сатылып жатыр, – дейді сатушы келіншектер Алма мен Самал жарыса сөйлеп.
Жәрмеңкеден Сарықамыс ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Салауат Халиханұлын көріп қалдық. Қызметіне қызу кірісіп кеткен ол ауылдан жәрмеңкеге сиыр етін әкелуге мұрындық болыпты.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің күзге қарай молаятыны белгілі. Бағалар сол уақытта біршама арзандауы тиіс деген оймен базардан қайттық.
Ж.Бұланбай
