Екібастұз – өндірістік әлеуеті зор қала. Алайда ірі өндіріс ошақтарының шоғырлануы экологиялық тепе-теңдікке әсер етпей қоймайды. Ауа сапасының нашарлауы, шаң мен жылу-электр орталықтарынан шығатын зиянды қалдықтардың артуы өз кезегінде тұрғындар денсаулығына зиянын тигізетінін ешкім жоққа шығармас.
Мамандардың айтуынша, экологиялық ахуалды жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – көгалдандыру. Жасыл желек тек қаланың келбетін көркейтіп қоймай, зиянды заттарды сіңіріп, ауаны тазартуға да көмегі зор. Десе де, көп жағдайда көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі қалалықтардың көңілінен шыға қоймайды. Әсіресе, Екібастұз қаласы Ардагерлер кеңесі жанындағы «Қоршаған ортаны қорғау» бірлестігінің белсенділері тарапынан сын-ескертпелер көп айтылады. Осыған орай «Эком» қоғамдық бірлестігінің өкілдері мониторинг жүргізуді қолға алған. Жақында олар қаламызға арнайы келіп, былтыр отырғызылған көшеттер мен тал-теректің жерсінуін тексерді.
– Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша біз жасыл желектің жерсінуін бақылау мониторингін жүргіземіз. Ең алдымен, бюджет қаражатына және өтемақы есебінен отырғызылған ағаштарға назар аударамыз. Өтемақы дегеніміз – ағаштар кесілген кезде, олардың орнына жаңасын отырғызу міндеттелетін жағдайлар. Біз облысымыздың үш қаласында мониторинг жүргізудеміз. Жалпы алғанда, Екібастұз қаласындағы көшеттердің жерсіну жағдайы Павлодар қаласына қарағанда әлдеқайда жақсы екенін атап өткіміз келеді. Ең алдымен, мұнда ағаштарды варварлық әдіспен қырқу, кесу, немесе бүлдіру сияқты жағдайлар кездеспейді. Дегенмен, қалада кәрі ағаштар өте көп. Ең бастысы, Екібастұз қаласы әкімдігіне ризашылық білдіреміз. Әкімшілік бұл мәселеге тиісті деңгейде көңіл бөліп отыр, – дейді Марина Могилюк.
Мониторинг жұмысына Екібастұз қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Михаил Анисимов та қатысқан екен. Оның айтуынша, көгалдандыру жұмыстары тек ағаш отырғызумен шектелмеуі тиіс. Суармалы жүйені жолға қою, топырақ сапасын жақсарту да маңызды. «Сол сияқты қаладағы білім мекемелерінде экобілім беру бағдарламалары енгізіліп, мектептер мен колледждерде экология бағытында қосымша курстар оқытылғаны жөн», – дейді Михаил Сергеевич.
Айтпақшы, биыл көктемде қала көлемінде 75 сүмбіл терек қана отырғызылған екен. Екібастұз қаласы әкімдігінің ТКШ және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының сөзіне сүйенсек, ағаш отырғызу жұмыстарының басым бөлігі күзде жүзеге асырылмақ.
А.Қасымжан