Көгалдандыру – қаланы көркейту жолындағы көпшіліктің ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» жобасы аясында елімізде түрлі экологиялық іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен табиғатқа жанашырлықты тек мекемелер мен жауапты құрылымдардың емес, қарапайым тұрғындардың да күнделікті іс-әрекетінен көруге болады. Осындай жанашыр азаматтардың бірі – Екібастұз қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі, ақын Жұмағали Қоғабаев.
Жасы жетпістен асса да, ол соңғы он жылдан бері өз ауласын көгалдандырумен тұрақты түрде айналысып келеді. Көпшілік бұл істі арнайы мамандардың жұмысы немесе жастардың ісі деп есептейтіні рас. Алайда Жұмағали аға мұны ешкімнің нұсқауынсыз, ешбір қолдаусыз, өзінің ерік-жігері мен табиғатқа деген сүйіспеншілігінің арқасында жалғыз өзі атқарып жүр.
– Көтеремін деген адамға бір күрек те жетеді. Бастысы ниет. Ағашты еккеннен кейін оған қамқорлық та қажет, – дейді табиғат жанашыры.
Биыл көктемде Екібастұз қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тарапынан берілген көшеттерді пайдаланып, үйдің арт жағына жеті, аула ішіне алты қарағай отырғызған. Бұл оның алғаш қолға алып отырған ісі емес. Осыдан сегіз жыл бұрын еккен алғашқы қарағайлар бүгінде еңсесін тіктеп, жайқалып тұр. Жұмағали ағаның айтуынша, олардың тамыр жайып, өсіп кеткенін бүршік жаруынан аңғаруға болады.
– Қарағайдың бүршігі ашыла бастағанда, оның топыраққа бейімделіп кеткенін білемін. Сол кезде бір жұмыстың жемісін көріп, шабыт аламын. Табиғаттың осындай заңдылығы мені әрдайым таңғалдырады, – дейді ол.
Қарағайдың ерекшелігі тұқымының топыраққа түскен соң, өздігінен өсіп, көбейе беруінде. Бір бұтағының түбіне дәні түсіп, одан жаңа өскін көтеріледі. Бұл табиғаттың өз заңы. Оны түсініп, соған бейімделген жан ғана ағашпен тілдесіп, оны баптай алады.
Жұмағали ағаның ауласында ағаштар ғана емес, әртүрлі гүлдер де жайқалып өсіп тұр. Ол гүлдің түр-түрін егумен қатар, оларды қалай дұрыс баптау керектігін де жақсы біледі. Кейбір гүлдерді дүкеннен сатып алып, қыс бойы суға тамырландырып, көктемде аулаға отырғызады. Мұндай әдіспен өсірілетін гүлдердің қатарында раушан, барқыт гүлдері, қазыл қырыққабат, петуния т.б бар.
– Кейбір гүлдер бірден жерге отырғызсаң өспей қалады. Сондықтан оларды алдымен суға салып, бүр жарып, тамыр шыққан соң барып егемін. Мұның да өзіндік тәртібі, уақыты бар, – дейді гүл күтімінің қыр-сырын меңгерген ағамыз.
Жолжелкен мен шашыратқы сияқты дала гүлдері өздігінен шығып, жыл сайын аулаға көрік береді. Бұл өсімдіктер сәндігімен қатар, емдік қасиетімен де бағалы.
– Мысалы, ақбас жусан ішек-қарын жолдарын тазартады. Асқазан ауырғанда ішетін халық емінің бірі. Ал шашыратқы гүлінен алынған тұнба көз тигенде, іш ауырғанда ем болады екен. Осылардың барлығын үлкендерден естіп, кітаптардан оқып, тәжірибе жүзінде байқап жүрмін, – дейді ол.
Жұмағали Қоғабаевтың еңбегі мен іс-әрекеті айналасындағы көршілерге де оң әсерін тигізген. Бастапқыда бұл істі қызықтап қарап жүрген тұрғындар кейін өз аулаларына да ағаш, гүл егуге кірісіпті. Қала ортасындағы бір үйдің ауласындағы көк желек, жайқалған гүлдер айналасына да шырай беріп, адамдардың көңіл-күйін көтеретіні анық.
Жұмағали ағаның табиғатқа деген құрметі, өсімдіктерге деген қамқорлығы жас ұрпаққа берер тәрбиенің нақты үлгісі. Ол үшін бұл іс – өмір салтына айналған тіршілік дағдысы.
– Табиғатқа жасаған жақсылығың – ертеңгі күніңе жасаған қамың. Бір ағаш отырғызсаң да, соның көлеңкесін ертең бір бала сая етеді. Айналаны көріктендіру мен үшін міндет емес, жан рахаты. Бұл – менің өмір салтым, – дейді ол сөз соңында.
Ділназ Серікбай

