Екібастұз медициналық колледжінде акушерлік іс мамандығын оқыту қайта жанданғаны жайлы игі жаңалықтың ізін ала оқу орнынан тағы бір оң хабар келіп жетті. Бұдан былай онда стоматологтарды даярлау жүзеге асырылады. Қаламызда медицинаның дамуындағы маңызды белес жайлы колледж директоры Оразалы Әдиұлы Әлкебаев жеткізді.
– Стоматологтарды даярлау жөніндегі лицензияға жақында ғана ие болдық. Колледждің материалдық-техникалық базасы, оқу бағдарламалары мен оқытушылар құрамы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдеген соң, бізге стоматологтар мен олардың көмекшілерін оқытуға рұқсат берілді, – деген Оразалы Әдиұлы өңірімізде білікті тіс дәрігерлері мен олардың көмекшілерінің тапшылығы барын атап өтті.
Жыл сайын 25 студент қабылдап, оларды қазақ және орыс тілдерінде оқытуға кіріспек колледж арнайы стоматологиялық қондырғылар, жақ үлгілері, фантомдар, пломбалау және протездеуге арналған материалдар сатып алып, стоматологиялық симуляция, фантомдық оқыту, ортопедия кабинеттерін жабдықтап қойған екен. Бір сөзбен айтқанда, жаңа мамандыққа оқытуға дайындығы сақадай сай. Сабақтарды жергілікті тәжірибелі дәрігерлер мен колледждің оқытушы құрамы жүргізеді.
Колледж басшысының айтуынша, білім алушылардың кәсіби ортада тәжірибе жинақтауы да алдын ала ойластырылған екен. Ол үшін қала емханаларымен, сондай-ақ жеке меншік тіс клиникаларымен серіктестік жайлы меморандумдарға қол қойыпты. Бұдан соң «Дантист» немесе «Стоматолог көмекшісі» біліктілігін алып шыққан түлектер мемлекеттік немесе жеке клиникаларда жұмыс істей алады.
А.Зайыргелді
