Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – вакциналау мәселесі. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесінде көрсетілген вакциналарды салдырудан бас тартқан ата-аналар бар. Олардың кейбірі өздерінің ұстанымдарын «екпеге сенбеушілік» деп негіздесе, бірқатары «жеке ұстанымым» деп екпеге қарсылық танытқан. Сөзіміз дәйекті болуы үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы берген деректі келтірейік. Үстіміздегі жылдың 1 маусымындағы есеп бойынша Екібастұз өңірінде жоспарлы екпеден 1108 ата-ана бас тартқан. Олардың 426-сы – жеке ұстанымына байланысты, 279-ы – вакцинаға сенбегендіктен, 31-і бұқаралық ақпарат құралдарынан жағымсыз пікір естігендіктен бас тартып отырса, 20 ата-ана діни көзқарастарына байланысты қарсы болған.
Әрине, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса». Дейтұрғанмен, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге берген кезде, белгіленген тәртіпке көнуге тура келеді. «Ол қандай тәртіп? Осының бәрі не үшін жасалуда?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 19 маусымдағы «Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында балабақша әкімшілігі ата-анадан баланың денсаулық паспортын талап ететіні айтылған. Сонымен қатар балабақшадағы топтарда ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейінен асқан кезде (жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалар саны 10 пайыздан асқанда) баланы қабылдамайтын көрсетілген. Осы орайда ата-анадан №065/е үлгідегі екпе картасы талап етіледі, – дейді бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық басқарма маманы Бақыт Бекпаева.
Жоғарыда айтылған «ата-ананың жеке ұстанымы» медициналық көрсетілім болып саналмайды. Себебі вакцинаға қарсы медициналық көрсетілімнің нақты тізбесі бар. Олар уақытша және тұрақты қарсы көрсетілімдер деп бөлінеді. Вакцинаның барлық түріне қарсы көрсетілімдер ішінде екпе салғаннан кейін 48 сағат ішінде пайда болатын қатты реакция, температураның 40-қа көтерілуі, тырысулар, т.б. аллергиялық реакция (анафилаксия), тірі вакцинаға қарсы тұрақты қарсы көрсетілімдер (иммун тапшылығы, қатерлі қан ауруы, қатерлі ісік) бар. Сондай-ақ, вакцина өндірісінде қолданылатын ашытқы тәрізді саңырауқұлақтардың, бактериялардың немесе басқа жасушалардың компоненттеріне шұғыл аллергиялық реакциялар да қарсы көрсетілімдер қатарында. Әлгінде айтылған иммунитеттің шекті деңгейі, яғни, 10 пайыз рұқсат берілген балалар осылардың қатарында. Екпе олардың денсаулығына зиян.
Ұжымдық иммундау ең алдымен сол ұжымдағы балалардың денсаулығы үшін жасалады. Бұл өз кезегінде жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
– Бүлдіршіндердің уақытылы екпе алуы аса маңызды. Вакциналаудан бас тарту дифтерия, полиомиелит, қызамық, эпидемиялық паротит секілді көп жылдан бері тіркелмеген ауруларды қайта өршітуі мүмкін, – деп сақтандырды басқарма дәрігері Б.Бекпаева.
Былтыр өңірде қызылшамен ауырғандар саны күрт өскені белгілі. Қаладағы балабақшалар бірінен соң бірі карантинге жабылып жатқан соң, алты айдан асқан балаларды шұғыл түрде иммундау қолға алынған болатын. Осы мақсатта жас сәбиі бар ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізілгені де белгілі. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 2025 жылы қызылша инфекциясы бірде бір балада анықталған жоқ.
– Екібастұзда балаларды екпемен қамту мәселесі кенжелеп тұр, – дейді Бақыт Телеубайқызы. – Қалыпты 48-50 пайыздың орнына мақсатты топтағы балалардың 40-47 пайызы ғана қамтылып отыр. Әсіресе, пневмококқа, дифтерияға, паротитке, көкжөтел мен сіреспеге қарсы екпе алушылар тым аз.
Екпе алмағандардың көбеюінің салдары да жоқ емес. Кейінгі жылдары байқалмаған көкжөтел инфекциясы жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі 3 балаға жұғыпты. Үшеуі де бұрын екпе алмаған. Айта кетейік, көкжөтел инфекциясы лабораториялық жолмен ғана расталады.
Дәрігер инфекциялық аурулар екпе алмаған адамдарда тым ауыр өтуі мүмкін екенін ескертеді. Панэнцефалит секілді инфекциялық аурулар асқынғанда миға зақым келтіріп, көру, есту қабілетін төмендетеді. Жұқпалы аурулардың асқынуы өлімге әкеп соқтыруы да мүмкін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, екпе алу сіздің балаңыз үшін қажет. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен иммунитеттің шекті деңгейі (90/10 пайыз) мектепке дейінгі ұйымдардың бәрінде сақталуы тиіс. Инфекция ошағы анықталып, мекемеде ведомство бекіткен Қағиданың сақталмағаны белгілі болған жағдайда балабақша басшысы заң алдында жауап береді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ