Екібастұз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне ағымдағы жылдың екі тоқсанында 264 өтініш келіп түскен, олардың 9-ы кері қайтарылған. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Дауылбаев мәлімдеді.
Екібастұз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мемлекеттік қызметтердің 13 түрін көрсетеді. Оның 9-ын азаматтар электрондық түрде ала алады. Жер учаскесін жеке меншікке тұтас не бөліп сату, жер учаскелерінің бөлінгіштігі мен бөлінбейтіндігін айқындау, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту және жер учаскесіне жалдау шартының телнұсқасын беру қызметтері тек қағаз түрінде көрсетіледі.
– Кеңсе қызметкері азаматтардың өтініштерін қабылдаған күні тіркеуге алады. Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органның басшысы не оны алмастыратын адам сол күні-ақ құжаттардың мазмұнымен танысады. Әрі қарай бұрыштама қойып, жауапты орындаушыға тапсырады. Жауапты орындаушы өз кезегінде құжаттардың дұрыстығын тексеріп шығады, – деді құжат ресімдеудің ретін түсіндірген бөлім басшысы. – Егер мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болмаса, жауапты орындаушы бір жұмыс күні ішінде жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрық дайындап, уәкілетті орган басшысына жібереді.
Бөлім басшысы Данияр Құрманғалиұлының айтуынша, биыл жыл басынан бері жер сату үшін 7-8 аукцион өткізілген. Тағы бір аукцион 23 шілдеге белгіленіп отыр. Алдағы уақытта коммерциялық мақсаттағы бірнеше учаскені сатуға әзірлік жасалуда. Д.Дауылбаев бұл процестердің бәрі ашық электронды порталда өтетінін, жер сатып алу, жалға алу аукциондарына Қазақстанның әр азаматы қатыса алатынын мәлімдеді.
Данияр Дауылбаев жеке меншік үй салуға арналған жер телімдері туралы да айтып өтті.
– Қазіргі кезде 207, 208-кварталдарда және ипподром маңында жеке үй салуға арналған 300-ден аса жер телімі бар. Бұл учаскелер азаматтарға кезек тәртібімен үлестіріледі, – деді ол.
Айта кетсек, Екібастұзда 10 мыңнан аса адам жекеменшік үй салу кезегінде тұр. Олар өз кезектерін электронды портал арқылы бақылай алады.
Гүлсана Қуатқызы