Жастар бастамаларын қолдау орталығы өңірдегі студент және жұмысшы жастардың басын қосып, оларды ұйыстыру бағытында жұмыс атқарып келеді. Білімді де білікті жастарды ынталандыру мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырылуда. Жақында жастар орталығы патриот жастарды одан әрі жігерлендіру үшін талантты, қоғамда белсенді жастарға берілмейтін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар медалін тағайындапты.
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам!» деген сөздері Алаш ұранына айналған Сұлтанмахмұт небәрі 27 жыл өмір сүрсе де, артына мол мұра қалдырған. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында әдебиетке, ағартушылыққа зор үлес қосты. Оның білімге, білуге деген құштарлығы кейінгі буынға үлгі боларлық.
– Жастар медалін берудегі мақсат – елімізде Қазақстанның жас патриоты үлгісін қалыптастыру. Байқауға 14-35 жас аралығындағы жас буын қатыса алады. Жастар медалі иесін қала әкімі аппаратынан, депутаттардан, қоғам қайраткерлерінен, үкіметтік емес ұйымдардан құралған комиссия анықтайды, – дейді жаңа бастама көтерген жастар орталығының директоры Еркін Құсан.
Орталық директорының айтуынша, аталған марапат комиссия белгіленген номинациялар бойынша тағайындалады. Марапаттар 12 саладағы жетістіктері үшін тапсырылады: мәдениет пен өнер, журналистика бағыты; білім және ғылым саласы; спорт саласы; қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолындағы қоғамдық-саяси белсенділігі мен жетістіктері үшін; медицина саласы; өңдеу өнеркәсібі, тау-кен кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторлары; волонтерлер және волонтерлік ұйымдар; апаттық-құтқару, өрт сөндіру қызметі және азаматтық қорғаныс; Ішкі істер және қарулы күштер органдары; сырлаушы, сантехнк, құрылысшы, т.б. жұмысшы мамандықарының өкілдері; ақпараттық-коммункациялық технологиялар (ЖИ, деректерді талдау, т.б.) және креативті индустрия.
– Өтініштер 25 шілдеге дейін тіркеледі. 7 тамызға дейін қоғамдық жұмыс кезеңі деп белгіленді. Бұл кезеңде үміткер екі тапсырманы орындауы тиіс. Оның бірі – «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясындағы шараға қатысу, сол туралы бейнеролик жүктеу. Келесі тапсырмада үміткер «Заң мен тәртіп» қағидасына негізделген әлеуметтік бейнеролик түсіруі қажет. Тақырып аясы кең: есірткі бизнесіне қарсы насихат, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, кибербуллингті жою, алаяқтықтың алдын алу, т.с.с. Ескерте кететін жай, бейнероликтердің қаралымы, лүпіл саны жеңімпаз болуға әсер етпейді. Тапсырманы орындаған үміткер келесі кезеңге өтеді, – дейді орталық басшысы.
Бұдан кейін 8-10 тамыз аралығында жастар дауыс береді. Осы мақсатта «Екібастұз жастар орталығы» телеграм арнасында дауыс беру бөлімі ашылған.
10-11 тамызда байқау қатысушылары комиссияға өздерін таныстырып, сұрақтарға жауап береді. Жеңімпаздар Халықаралық жастар күні – 12 тамызда марапатталады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы медальмен биылша екібастұздық жастар ғана марапатталады. Еркін Аманкелдіұлы келесі жылы бұл марапатты облыстық дәрежеге көтеру көзделіп отырғанын айтты.
Байқауға құжат қабылдау басталып кетті. Үміткерлер Павлодарская көшесі, 10 мекенжайына жазбаша түрде өтінім білдіріп, мынадай құжаттар тапсырады: жұмыс орнынан /оқу орнынан/, саласы бойынша мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан ұсыным хаттары (қол жеткізген жетістіктері мен марапаттарын көрсете отырып); түйіндеме (қазақ және орыс тілдерінде, 3х4 фотосуретімен); өмірбаяны; жұмыс орнынан /оқу орнынан/ анықтама; орта арнаулы немесе жоғары білімі туралы диплом (көшірмесі); жетістіктері (алғыс хаттары, мақтау қағаздары, дипломдары және т.б) сканерден өткізілген көшірмелері; мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында өткізген, қатысқан шаралары жайлы мәлімет, жарияланған мақалалар, жүзеге асырған жобалары және басқа да ұсыныс, кепілдеме хаттары; 10х15 фотосуреті (1 дана, электронды нұсқасымен); жеке куәлігі (көшірмесі), тұрғылықты мекен-жайынан анықтама.
Құжаттар портфолио түрінде тапсырылады. Қосымша ақпараттарды жастар бастамаларын дамыту орталығынан алуға болады.
Гүлсана Қуатқызы