Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Әлкей Марғұлан ауылы тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті халықты алаңдатқан түйткілді мәселелерді талқылады.
Кездесуде алғаш сөз болған мәселелердің бірі — ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі. Ауыл тұрғыны Тайжан Рахимовтың айтуынша, қарапайым тексерістен өту үшін бірнеше медициналық мекемеге баруға тура келіп, уақыт пен күш көп жұмсалады. Ол жуырда жұбайының қолы жарақаттанып, алдымен №3 қалалық емхананың травматологына жүгінген. Бірақ әлгі маман терапевттің жолдамасын талап етіп, оларды басқа дәрігерге бағыттайды. Терапевтке барса, тіркеу бойынша Шідерті кентіндегі емханаға жолдама алуы қажеттігі айтылған. Сөйтіп, бір тексеріс үшін қала мен ауыл арасында бірнеше мәрте жол жүруге тура келгенін жеткізді.
Бұл жағдайға байланысты №3 емхананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Фарида Қанашова: «Ауыл тұрғындары әкімшілік тұрғыдан Шідертіге қарайды. Сондықтан қаладағы дәрігерлерге қаралу үшін жолдама алу қажет. Бұл талап қазіргі медициналық ақпараттық жүйе тәртібіне сәйкес жасалған», – деп түсінік берді.
Қала әкімі Аян Уахитұлы мәселені назарға алып, алгоритмді жеңілдету жайын сөз етті. Оның айтуынша, егер пациент қалада тиісті маманның қабылдауында болса, жолдамасыз-ақ кешенді тексеруден өту мүмкіндігін қарастыру қажет.
Кездесуде қозғалған тағы бір мәселе – қараусыз жайылатын мал жайы. Қала басшысы автожолдар бойында иесіз малдардың жүруі жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Мал иелері өз меншігіндегі малды бақылауда ұстағаны жөн. Егер жол апаты бола қалса, малдың иесі заң алдында жауапкершілікке тартылады.
Жиын барысында тұрғындар пошта қызметінің сапасына да көңіл толмайтынын білдірді. Олардың айтуынша, ауылдағы пошта бөлімшесі толыққанды жұмыс істемейді. Салдарынан сәлемдемелер мен басқа да хат-хабарларды Екібастұз қаласына барып алып келуге тура келеді. Бұл әсіресе зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін үлкен қиындық туғызуда.
Ауыл тұрғыны Татьяна Михайловна бұл мәселенің бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтып, пошта қызметін қалпына келтіру қажет екенін жеткізді. «Сәлемдемені де, зейнетақыны да өзіміз барып алуға тура келеді. Ал бұл шалғайда тұратын адамдар үшін оңай емес», – деп түйіндеді сөзін ол.
Бұл мәселеге қатысты да қала әкімі нақты шаралар қабылданатынын атап өтті. Пошта бөлімшесінің қызметін қалыпқа келтіру «Қазпошта» АҚ мен жергілікті әкімдік арасындағы келіссөздер нәтижесінде кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Ділназ Серікбай