24-28 маусым күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен «Dubai FIRST Off-Season» халықаралық робототехника чемпионатында Абай Құнанбаев атындағы №2 қазақ мектебінің оқушыларынан құралған «Roboter» командасы Қазақстанның намысын қорғап, жүлделі болды. Аталған додаға әлемнің түрлі елдерінен 17 команда қатысқан болатын. Екібастұздық команда «Роботтарды құрастыруда ең үздік инженерлік шешім мен креативті тәсіл» және «Командалық киім үлгісінің үздік дизайны» аталымдарында жеңімпаз атанды.
Салтанатты жиында Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев команда мүшелерін құттықтап, бұл жетістіктің бүкіл қала жұртшылығы үшін зор мақтаныш екенін атап өтті. Ол жас өнертапқыштарға, олардың ата-аналары және команданың жетекшісі, №2 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Салтанат Бектұроваға алғыс білдірді. Ұстаздың біліктілігі мен жауапкершілігі арқасында команда бірнеше байқаудан сүрінбей өтіп, халықаралық деңгейде де биік белесті бағындырды. Бұған дейін оқушылар Алматы, Астана және Павлодар қалаларында өткен республикалық байқауларға қатысып, әр жолы жеңіспен оралып жүрген болатын.
Чемпионатқа қатысуға мүмкіндік берген демеуші – «Аквилон Трейд» ЖШС-нің бас директоры Андрей Ясиновскийге қала басшылығы атынан ризашылық білдірілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нақты іспен көрсетіп, жастардың ғылым мен техника саласына қызығушылығын қолдағаны үшін оған Екібастүз қалалық мәслихатының құрмет грамотасы мен ұлттық шапан табысталды.
Команда мүшесі Бахтияр Мырзахмет жарыстан алған әсерімен былайша бөлісті. Оның айтуынша, байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше мүмкіндік берілген.
– Жарыс бірнеше бағытқа бөлінді. Біріншісі – пит-зона, яғни, әр команданың жеке жұмыс аймағы. Мұнда арнайы полигонда роботтардың тапсырмаларды орындауын, командалардың өзара ынтымақтастығы мен достығын көрсету міндеттелді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе алмасу бөлімі де болды. Біз басқа командалармен бірігіп, бірлесіп робот жасап, өзара тәжірибе алмастық. FIRST жарысында екі санат бар: FTC және FLL. Біз – FLL санатында өнер көрсеттік. Бұл бағытта тапсырмаларды орындау арқылы ұпай жинап, команданы алға жетеледік, – деді Бахтияр бізге берген сұхбатында.
Ділназ Серікбай