9 шілде күні Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Су шаруашылығы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Мұндай құрмет көргендер қатарында екі екібастұздық азаматтың болуы – қуанышты жайт. Кәсіби мерекеге орай көп жылғы адал еңбектері еленген Владимир Егер мен Асылбек Тұяқов осылайша Астанадан көңілдері марқайып қайтты.
Владимир Егердің есімі екібастұздықтарға жақсы таныс. Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Владимир Федорович – «Қазсушаруашылығы» РМК Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Павлодар пайдалану басқармасының бастығы. Ол осы басқармада 21 жыл еңбек етіп келеді. Бұған дейін де адал қызметі бағаланып, салалық «Еңбек Даңқы» медалінің толық иегері атанған. Енді, міне кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды.
Ал осы басқарманың Шідерті көлтабанды суармалы учаскесінің бастығы Асылбек Тұяқов ҚР Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
– Төртүй ауылында орналасқан біздің учаскеде 9 адам жұмыс істейді. Міндетіміз – Қаныш Сәтбаев каналынан жіберілген судың көлтабанды шабындықтарға таралуын қамтамасыз ету. Жалпы, Екібастұз өңірі мен Ақтоғай ауданы аумағындағы лимандар көлемі – 22 мың гектар. Биылғы жылы лимандарға 120 миллион текше метр су босатылды. Өз басым мұнда 2013 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Красноармейка техникалық колледжін бітірген механикпін. Біраз жыл тракторшы, караншы, экскаваторшы болып еңбек еттім. 2023 жылдың сәуірінен бері учаске бастығы қызметіндемін. Әр жылдары салалық марапаттарға ие болған едім. Енді еңбегім бағаланып мемлекеттік марапат алғаныма разымын. «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған биылғы жылы еңбек адамдарын құрметтеуге ерекше көңіл бөлініп тұр емес пе. Мемлекеттің бұл саясатын дұрыс санап, өзгелердің де осындай марапатты болуына тілектеспін, – деді Асылбек Мырзанұлы телефон арқылы сөйлескенімізде.
Біз өз тарапымыздан Владимир Егер мен Асылбек Тұяқовты марапаттарымен құттықтай отыра, еңбектерінің жемісті болуын тілейміз.
Ж.Жәлелұлы